Ағайындылар суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды

51

Шымкенттегі Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушісі демалыс кезінде Түркістан облысында суға батып бара жатқан баланы құтқарды.

 

Бірер күн бұрын Әділет Жақсылық ағасы Нұрғисамен бірге үй шаруасымен айналысып жүріп, кенеттен жақын жердегі өзеннен балалардың айқайлаған дауысын естіген.

Көмекке жеткен бұларға жағалауда тұрған бала суға батып кеткен досын көрсетеді. Ойланбастан ағайындылар өзенге сүңгіп, баланы іздей бастады. Бір кезде Әділет аяғының жұмсақ нәрсеге тигенін сезіп, ауа жұтып, қайта суға сүңгіген ол, ес-түссіз жатқан баланы алып шыққан.

Әділет алғашқы көмек ретінде жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс берген. Ал, осы уақытта ағасы Нұрғиса жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер жеткенше келгенге дейін ағайындылар баланың жағдайын бақылап, өкпеге кезекпен кезек жасанды дем беріп отырған.

Бала аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша қазіргі уақытта оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, сондай-ақ ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Әділет Жақсылықтың батыл және сенімді іс-әрекетінің арқасында бала 31 шілде күні бір ажалдан аман қалды.