Есірткі затын түзеу мекемесіне кіргізбек болған азамат 7 жылға бас бостандығынан айырылды

27

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты есірткі тасымалдаған азаматқа қатысты үкім кесті. Ол есірткі затын тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылды.

Атап өтер болсақ, 29 жастағы азамат Шымкенттегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған танысына есірткі затын жеткізу мақсатында автокөлік жалдап, мекеме қорғанына жақындап, 3 дана домалақ пішінді жапсырмамен (скотчпен) оралған есірткі затын мекеменің қоршаудан асырып лақтырып, бой тасалаған.
Оны дер кезінде байқаған түзеу мекемесінің бақылаушылары оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобын шақырған.
Полиция қызметкерлерімен тәркіленіп алынған заттар, сараптама нәтижесімен жалпы салмағы 122,6057 граммды құрайтын «кептірілген марихуана» және 66,7945 грамды құрайтын «гашиш» есірткі заттары екендігі анықталған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, осы қылмысты жасаған Түркістан облысының тұрғыны екені анықталды.
Сот талқылауында ол өзінің кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкінетінін білдірген.
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен ол ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты (ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айта кету қажет, аталған азамат бұған дейін 2017 жыл есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмысты жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотты болған.