Жұмыспен қамту саласында мамыр айынан бастап «Күміс жас» жобасы іске қосылды. Бағдарлама мақсаты жұмыссыз қалған 50 жастан асқан тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беру. Жаңа жобаның шарапатын кімдер көріп жатыр? Және олар қандай жұмыс істеп жүр?
62 жастағы Күмісбек Мірәлиев Бозарық елдімекенінде бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда маусым айының 10 күні «Күміс жас» бағдарламасы арқылы келген. Ол бұған дейін де 30 жылдан аса ғұмырын ауыл шаруашылғы саласына арнаған екен. Алайда зейнетке таяған шағында екі қолға күрек таппай, осы бағдарламаға иек артқан.
Күмісбек Мірәлиев, бағбан: «Осы бауда жұмыс істеймін. Алмаларды күтіп баптаймыз, дәрі береміз. Қазір техника бар бәрі оңай. Техникалармен шөптерін орып, ретке келтіреміз».
4 бала, 12 немере сүйіп отырған ақсақал, еңбекке жарамды уақытында қол қусырып отыра алмапты. Қазір 50 гектар алқапты алып жатқан Алмабақта алмадан өзге жүзім, шабдалы, қараөрік сынды жеміс-жидек түрлерін өсіреді. Сондай-ақ мұнда Күмісбек атай алмалардың күтіміне жауап береді.
“Күміс жас” жобасы 2022 жылдың мамыр айынан бастап іске қосылды. Мақсаты зейнет жасына жақындаған белсенді азаматтарды жұмыспен қамту. Бағдарлама 50 жастан асқан жандарды 12 ай жұмыспен қамтып, 91 890 теңге жалақы төлейді.
Биыл Шымкент қаласында 30 егде жастағы тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бастапқы 3 айдың ішінде 10-нан аса азамат түрлі салада жұмысқа тартылды.
Әсел Мәлік