Пышақпен қорқытып, 4 млн. теңгесін алып кеткен: Түркістандағы қарақшылық оқиғасы

35

Сарыағаш ауданында белгісіз ер адам жергілікті тұрғынның үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған. Жәбірленушінің айтуынша, күдікті пышақпен қорқытып, 4 млн теңгесін қолды қылыпты. Азамат ойындағысын іске асырған бойда оқиға орнынан бой тасалаған. Қазір облыстық ПД күдіктіні ұстап, орын алған оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Ақжол Оразов, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы: «Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келді. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені белгілі болды. Яғни, күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі «Қарақшылық» бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгеден асты».

Айта кетейік, күдікті Нұр-Сұлтан қаласынан табылған. Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі «Қарақшылық» және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева