Шымкент: мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады

123

Шымкентте Конституция күні қарсаңында жергілікті әкімдік аппараты тағы да 4 қызметкермен толықты. Бүгін олар Отан алдында адал қызмет етуге ант беріп, бас маман атанды.

Бұған дейін 8 жыл бойы келісімшарт негізінде жұмыс істеген Бекасыл Олжабай салтанатты түрде ант берді. Ол бүгіннен бастап ресми түрде мемлекеттік қызметкер атанды. Бұған дейін әдіскер болып еңбек еткен ол, бас маман атану үшін тәжірибе жинақтап, тыңғылықты дайындалғанын айтады.

Бекасыл Оджабай, ант қабылдаушы: «Тест тапсырып, мемқызметке кіріп отырмыз. Ант қабылдау, мемлекеттке қызмет ету борышым деп білемін. Және де осы Конституция күні қарсаңында ант қабылдап жатқаныма өте қуаныншымын. Мен өзім әділет.кз сайтынан заңдарды ашып, бәрін оқып, кейін интернетте Тестцентр.кз сайтында тест тапсырып өттім».

Конституция күні қарсаңында 4 маман мемлекеттік қызметке тұрып, ант қабылдады. Оның екеуі Абай ауданының қызметкері. Сондықтан да аймақ басшысы қарамағындағы жас мамандарды жаңа лауазымымен құттықтады.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Бүгінгі ант қабылдау рәсімі құтты болсын. Жұмыстарыңызға үлкен табыс тілеймін. Бұл мемлекеттік қызмет жолы қиын да қызық жол. Себебі ең басты міндет халыққа адал қызмет жасау».

Шараға жас мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, ардагерлер, ант тапсырушылардың ата-анасы мен туыстары қатысты. Олардың қатарында кішкентай Аруназ Сейітхан да бар. Ол, анасын бүгінгі биік жетістігімен құттықтауға келіпті.

Аруназ Сейілхан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менің мамам ант қабылдады. мамамды құттықтаймын».

Жиынға қатысушылар, дәл бүгін салтанатты түрде ант беріп, мемлекеттік қызметкер қатарын толықтырған Бекасыл Олжабай, Айжан Бектұрғанова, Максим Львов, Қазбек Ахметовтарге сәттілік тілеп, елге аянбай адал қызмет етуге кеңес берді.

Әсел Мәлік