Шымкентте «Брусья fest» спорттық фестивалі өтті

Елімізде жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде «Спорт күні» аталып өтеді. Мерекеге орай үшінші мегаполисте «Брусья Фест» спорттық-бұқаралық фестивалі өтті. Фестивальде қала тұрғындары түрлі жас ерекшелігі бойынша бақ сынап, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Шымкентте спорт күніне орай «Брусья Фест» спорттық фестивалі өтті. Тартысты додаға үшінші мегаполис тұрғындарымен қатар, Алматы, Қонаев, Тараз, Түркістан қалаларынан да спортшылар қатысты. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған ең ауқымды фестивальде жалпы саны 357 адам бақ сынады.

Фестивалге қатысушылар 3 түрлі санат бойынша іріктелді. Сайысқа қатысушылар арасында 15 жастағы мектеп оқушыларынан бастап 35 жастан асқан спортшылар да бар. 15 пен 25 жас аралығында сайысқа түскен үміткерлердің ішінде Наиль Иманов 1 орын алып, рекорд жаңартты. Ол брусьяға 248 рет тартылды. Сонымен қатар, аталған байрақты бәсекеде Мақсұт Сарманов пен Рахымжан Рысалиевтер де үздіктер қатарынан көрінді.

Фестиваль нәтижесінде 3 санат бойынша 9 жеңімпаз анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Нақтырақ айтқанда, 1-орын жеңімпазы 150 мың, 2-орын – 100 мың, ал үшінші орын иегері 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.