Созақ ауданындағы мүгедектер қоғамы 30 ерекше жанды жұмыспен қамтыды

71

Азаматтық қоғам мықты болса, мемлекетте мықты болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында азаматтық қоғам өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың әлеуетін нығайту керек екенін айтқан еді. Өйткені, олар қоғамға аса қажет. Мәселен, бүгінде Түркістан облысындағы өз-өзін қаржыландырып отырған үкіметтік емес ұйымдар қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созып келеді.

Созақ ауданында жыл басынан бері 30 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыспен қамтылды. «Асар» мүгедектер қоғамының аудандық филиал төрағасы Біржан Саржанов алдағы уақытта тағы 10 адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар дейді. Сондай-ақ ірі өнеркәсіптермен келісімшарт жасасу да көзделіп отыр. Өйткені, үкіметтік емес ұйым ерекше жандарға демеу болуды мақсат еткен.

Біржан Саржанов, Түркістан облыстық «Асар» мүгедектер қоғамының Созақ аудандық филиал төрағасы: «Қазіргі таңда бізде Созақ ауданында жергілікті әкімдіктің тарапынан мүгедектер қоғамына арнап екі қабатты ғимарат берілген. Яғни, ол жерде бізде тігін цехымен айналысады, етікшіміз бар, шаштаразымыз бар, әлеуметтік инвотаксилер жұмыс істейді. Яғни, қолынан жұмыс келетін азаматты жұмыспен қамтуға біз әрқашан дайынбыз».

Осы сынды халықтың әл-ауқатын көтеруді көздеген түркістандық үкіметтік емес ұйымдар тәжірибе алмасып, семинарда білім алып жатыр. Мәселен, Маңғыстау облысынан келген тренер Жібек Ахметова «Жергілікті өзін-өзі басқаруды ауылдық жерде дамытудағы кәсіпкерлердің рөлі» тақырыбын түсіндірді. Спикердің айтуынша, ауылдық жерлерді дамытуда үкіметке тәуелсіз ұйымдардың септігі мол.

Жібек Ахметова,»Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің президенті: «Сол ауылдың қаражаты қаншалықты болатыны, оны қалай жұмсайтынымыз өзімізге байланысты. Қарапайым 300-500 теңгелік салықты төлемей отырмыз ғой біз. Соны төлесек, 20 млн-30 млн ба болар еді. Яғни, бәрібір ауылдың дамуы өзіміздің жауапкершілігімізге байланысты. Осы ауылдағы қандай да бір кәсіпорын, қандай бір кәсіп бар, сол ауылға тіркелсе, сол жаңағы табыс салығы ауылға түседі. Бізде Маңғыстауда да сондай проблема бар. Көп ірі кәсіпорындар қағаз жүзінде басқа қалаға тіркелген. Яғни, салығы сол жаққа түседі».

Яғни, жергілікті билік өкілдері үкіметтік емес ұйымдардың дәл сол орналасқан орнына тіркелуін қадағалауы қажет дейді, маман. Демек белгілі бір аумақтағы халықтың проблемасын сол өңірдегі билік, тұрғындар және азаматтық қоғам өкілдері ғана бірігіп шеше алады.

«Біздің мақсатымыз мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың құқықтарын қорғау, білімі бар болса жұмыспен қамту, кәсіппен айналысатын болса, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, жалпы сол азаматтарды қолдау болып табылады. Бұл бізге үлкен серпіліс береді. Президентіміз Тоқаевтың өзі айтып отырғандай, жергілікті жердегі халықтың мәселесін халықпен бірлесіп жергілікті билікпен әріптестік ретінде шешуді тапсырып отыр»,-дейді Біржан Саржанов.

Айта кетейік, бүгінде күнгей өңірде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алдағы уақытта облыстық азаматық альянс заңты тұлғалар қоғамдық бірлестігі өзін-өзі қаржыландырып отырған азаматтарды қолдау мен дамыту шараларын жиі ұйымдастырып отырамыз дейді.