Түркістан облысының полицейлері көліктен жолаушыға тиесілі шолақ мылтық тәркіледі

52

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, облыс орталығының полицейлері мен басшы құрамы рейдтік-профилактикалық жұмыстарды атқаруда. Осындай кезекті тексеріс кезінде Түркістан ҚПБ бастығының орынбасары полиция капитаны Тастемір Ілияс пен патрульдік полиция қызметкерлері Жібек жолы көшесі бойында, түнгі сағат 21:40 шамасында «Skoda Superb» маркалы көлікті тоқтатады.

Себебі көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан. Одан әрі полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеріп, көліктің ішінен қаруды байқады. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.
Жүргізушіден жауап алу барысында қару қасындағы жолаушы, яғни досына тиесілі екені анықталды. Ал күдікті жас жігіт болса, қаруды тауып алғанын жеткізді. Куәлардың қатысуында алынған қару, қосауызды 16 калибрлі қолдан жасалып, нөмірі өшірілген шолақ мылтық болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын қолданумен қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.