Жаз мезгілін қарбыз бен қауынсыз елестету қиын. Шымкент базарларының сөрелерінде бақша өнімдері самсап тұр. Сұраныс артқан сайын тұрғындарды бір сұрақ жиі мазалайды. Піскен, тәтті әрі қауіпсіз қарбызды қалай дұрыс таңдауға болады? Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Шымкент базарларының сөрелері қып-қызыл, шырынды қарбыздарға толы. Аптап ыстықта жолақты жеміске деген сұраныс ерекше артады. Сатушылардың айтуынша, күн өткен сайын сатып алушылар қатары көбейіп келеді. Өйткені саудаға Түркістан облысында өсірілген жергілікті қарбыздар шығарылған.
Бүгінде базарларда қарбыздың келісі 180–190 теңгеден сатылса, қауынның бағасы 400–500 теңге аралығында. Қала тұрғындары жаздың басты жемістерін сүйсіне сатып алып жатыр. Олардың айтуынша, жаздың сәні де, дәмі де – қарбыз бен қауын.
Сырт көзге барлық қарбыз бірдей көрінгенімен, олардың сапасы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан піскен әрі тәтті жемісті таңдау үшін кейбір ерекшеліктерге мән берген жөн. Мамандар қарбыз бен қауынды тұтынар алдында міндетті түрде мұқият жууды ұсынады. Ал кесілген жемістерді тек тоңазытқышта сақтау қажет.
Сондай-ақ алдын ала тілінген немесе сатушысы бір бөлігін ойып көрсеткен қарбызды сатып алмаған жөн. Себебі зақымданған қабық арқылы түрлі бактериялар оңай енеді. Санитарлық дәрігерлердің ескертуінше, қарбыз немесе қауын жегеннен кейін жүрек айну, әлсіздік, бас айналу немесе басқа да жайсыздық белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Нұргүл Жолымбетова






