Тұран ауданының тұрғыны өз ауданындағы көшелердің бірінде түнгі уақытта белгісіз адамдардың қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, ашық түрде жыныстық қатынасқа түсетінін айтып, дабыл қақты. Тұрғынның айтуынша, мұндай жағдай Жабай мен Сымбатты көшелерінің қиылысында болған екен. Аталаған мәселеден аудан әкімдігі хабардар. Алайда, мамандар құқықбұзушылыққа жол бергендерді көзбен көріп, ұстап алмағанын айтады.
Самал 2 шағын ауданының тұрғыны Әбдіәшім Байдуллаев қала әкімінің қабылдауына арнайы келіпті. Сөзінше, ол үйінің маңындағы орындардың бірін жынойнаққа айналдырғандардан құтыла алмай отыр екен. Талай рет тиісті сала басшыларына хабарласып, бейәдеп жайтқа қатысты шара көруді сұраған. Бірақ, 70 жастан асқан ақсақалдың сөзіне жауаптылар сеніңкіремеген бе? Әйтеуір реттейміз шығарып салған көрінеді.
ӘБДІӘШІМ БАЙДУЛЛАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Жабай ата мен Сымбатты көшесінң қиылысында түнде забордың сыртында жыныстық қатынасқа түсетіндер көбейіп кетеді. Полицияға хабарлассам, олар солардың сөзін сөйлейді. Забордың сыртында бәрі болады деп дейді. Біреуі кетсе, басқасы келеді. Талайын ұстап алдым».
Аталған мәселеге қатысты аудан әкімдігі пікір білдірді. Олардың мәліметінше, тұрғынның өтініші негізінде жауапты мамандар көрсетілген аумаққа барып, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Алайда тексеру барысында қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар анықталмаған. Сонымен қатар әкімдік мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған аумаққа бейнебақылау камераларын орнату жөнінде тиісті құзырлы органдарға ұсыныс хат жолданғанын хабарлады.
БАҚДӘУЛЕТ ҚАБЛАН, БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Бұл кісіның арызы бойынша біз барғанбыз. Аудан әкім Біржан Қанатұлымен бірге өзіміз барып көргенбіз. Негізі көше магистралды көше. Жарықтандыруы бар. Бұл кісі бейнебақылау камерасын сұрап жатыр. Айтуы бойынша біреулер жыныстық қатынасқа келіп түседі дейді. Көзімізбен көрген жоқпыз. Бірақ, полиция басқармасына хабарлап, рейдтік шаралар өткізуді айтқан болатын. Сонымен қатар, камера орнату аудан әкімдігінің құзыретінде жоқ. Бірқа, тиісті салаға ұсынысты беріп қойдық».
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бейнебақылау камераларын орнату мәселесін аудан әкімдігі дербес шеше алмайды. Бұл бойынша белгіленген тәртіп бар және түпкілікті шешімді құзырлы мемлекеттік органдар қабылдайды. Десе де, 70 жастағы зейнеткер қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету үшін бұл мәселені бақылауда ұстауды және құқық қорғау органдары тарапынан тиісті шаралар қабылдануын сұрап отыр.
Нұргүл Жолымбетова
