Түркістанда кәсіпкерлер саны 160 мыңға жуықтады

31

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде бизнес өкілдерінің ұсынысы мен өтініштері тыңдалды. Халық саны күн санап артып келе жатқанын тілге тиек еткен облыс басшысы енді кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіру керек екенін жеткізді. Өйткені, бизнес-экономиканың қозғаушы күші. Бір кәсіп ашылса, бірнеше азамат жұмыспен қамтылады. Сондықтан, Шөкеев аудан әкімдеріне кәсіпкерлерді тауып, қолдау білдіру туралы тапсырма берді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейін үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны жылдың өзінде 10 мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды да жергілікті кәсіпкерлер атқарып жатыр».

Айта кетейік, күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, қалада қолөнершілер орталығын ашу және Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері де талқыланды.

Мөлдір Ибадуллаева