Түркістанда үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын дамыту мақсатында форум өтуде

37

Түркістан облысында ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларына қолдау білдіру мақсатындағы форум өтуде. Шара барысында азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары пен пікірлері тыңдалып, арнайы тренинг өтті. Басты мақсат-үкіметке тәуелсіз қызмет етіп жүрген азамттарды жан-жақты дамытып, сауаттылығын арттыру.

«Үкіметтік емес ұйымдар шетелдіктермен тәжірибе алмасу керек». Осылай деген Түркістан облысындағы «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы мемлекет осындай мүмкіндік қарастырса екен дейді. Жалпы, 2013 жылы негізі қаланған қауымдастық қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық, заңдық кеңестерді тегін ұсынады. Ал мұнда шетел тәжірибесі маңызды рөл атқарады дейді Еркінбай Шалтан.

Еркінбай Шалтан, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының төрағасы:
«Негізгі біздің мақсатымыз — мына шетелдік ҮЕҰ тәжірибе алмассақ деген өзіміздің стратегиялық планымыз бар. Келешекте үкімет, сондай мүмкіндіктер берсе, біз Еуропа, Америкаға барып тәжірибе алмасқан өте қажет деп ойлаймын».

Күнгей өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылған конференцияда түрлі мәселелер қозғалды. Қызылорда облысынан келген тренер Анар Ізден халықаралық ұйымдармен қалай жұмыс істеуге болатынын түсіндірді.

Анар Ізден, Қызылорда облысы “Азаматтық Альянсы” ЗТҚ бірлестігінің президенті:
«20 үкіметтік емес ұйымдарға халықаралық ұйымдармен жұмыс жасау және де үкіметтік емес ұйымның тұрақты даму мәселелерін айтып өтетін боламын. Жалпы бұл тұрақты даму дегеніміз үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін өсіру, профессионалды қызметкерлерді дайындау және де халыққа көрсететеін қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Біз осы төңіректе жобаларды қалай жазу керек, осы Қазақстанда қандай халықаралық ұйымдар акредитациядан өткен, жалпы ҮЕҰ-дың мемлекетпен халықаралық өзара қатынастарының инструменттері қандай, осы мәселелрді айтамыз».

Бүгінде бұл салада кәсіби мамандардың тапшы екені жасырын емес. Бұл проблеманы жою үшін «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігі оқыту-дамыту жұмыстарын тоқтатпаймыз деп отыр.

Шараға қатысушыларда мұндай тренигтердің берері көп деп есептейді.

«Енді біз бұрыннан осы шетелдік гранттармен жұмыс жасап жүрміз, форумдарға қатысып жүрміз. Бұл тәжірибе алмасуда өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені біз бір ғана шеңберден ғана емес, үлкен шеңберге шыққан өте жақсы ғой. Кеңістігіміз кеңейеді»,-дейді Еркінбай Шалтан.

Тіпті, мұндай тренингтер әр кварталда бір рет болса да, артықтық етпейді дейді үкіметтік емес ұйым өкілдері. Өйткені, ауылдық жерлердегі өз-өзін қаржыландырып отырған азаматтарға бастамаларын қолдау мен оны дамыту аса маңызды.