«3 – Энергоорталық» АҚ: Тариф көтерілмейді

25
фото exk.kz

Алдағы 5 жылда жылу энергиясын өндіру бойынша тарифтер өспейді. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлім етті. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуы барысымен таныстырған сала мамандары, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Жылу энергиясын өндіру бойынша қызмет көрсететін «3-Энергорталық» АҚ-ы, станса жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары бойынша бекітілген инвестициялық бағдарлама шараларының орындалу барысынмен таныстыруда. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірге ұйымдастырылған шараға БАҚ өкілдерінен бөлек тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің белсенділері де қатысты.

Іргетасы 1973 жылы қаланған «3-Энергоорталық 2007 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Сондықтан бойлерлерді жөндеуге инвестбағдарламада 101 жарым млн қарастырылған. Сонымен қатар биыл қазандық агрегатының негізгі бөліктері де күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта 65 млн астам қаржы жұмсалуда.

Айсұлу Әлібекова, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «3-Энергорталығына тиесілі 11 шақырым жылу магистралі қала әкімдігіне өтті. Біз бұл шығындарды бағдарламадан алып тастадық сөйтып тариф төмендеді, есесіне қалалықтарды жылумен қамтитын «Қуатжылуорталық-3″ мекемесі орталығының да тарифі төмендеді».

Жалпы 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның іс-шараларына: жылыту маусымының апатсыз өтуін қамтамасыз ету, негізгі жабдықтың тозуын 8 пайызға төмендету, су шығынын азайту және қызмет көрсету аймағын кеңейту кезінде жылу өндірісін ұлғайту мүмкіндігін сақтау жұмыстары енген. Ең бастысы негізгі жабдықтардың берікітігін арттыру. Қоғам белсенділері осы талаптардың орындалуын қадағалауға алған.

Бегімқұл Төлентаев, «»Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау» ҚБ төрағасы: «Халықтың шағымдары ескеріліп, нормативтер монополистердің пайдасына емес тұтынушылардың пайдасына заң жүзінде жасалуы тиіс».

Станциядағы жабдықтарды жаңғырту, қазандықтар мен турбиналарды техникалық жарамды күйде ұстауға бар күш жігерімізді саламыз. Сонымен қатар, бесжылдық инвестбағдарламадағы ағымдағы жылға бекітілген шаралар кезеңімен кестеге сай жүзеге асуда деп сендірді мамандар.

Шынар Оразова