Биыл бал жылдағыдан 35-40 пайызға аз жиналды

16

Қуаңшылықтың кесірі шығыстағы омарташыларға да тиді. Биыл жылдағыдан бал 35-40 пайызға аз жиналды. Бұл ішкі нарықта бағасына да әсер ете бастады. Бұрын омартаның басында келісі 1000-1500 теңге болса, биыл екі есеге өсіп кетті.

Омарташылардың айтуынша, бағаның өсуіне тек қуаңшылық қана әсер етпеген. Бал арасын өсіруге арналған ұяшықтан бастап қажетті құрал жабдықтар да қымбаттаған. Сондай-ақ өнімді тасымалдау құны да өскен. Сондықтан ара өсіріп, бал айыратын кәсіпкерлер үшін биыл жаз өте қолайсыз болды. Бұрын шығыстағы омарташылар бір маусымда 10 мың тонна бал жинайтын. Ол ішкі нарықты толық қамтып, экспортқа шығаруға да артығымен жететін.

Валерий Қасымбаев, республикалық омарташылар қауымдастығының төрағасы: «Маусым мен шілде күндіз аптап ыстық, ал түнде салқын жел соқты. Бұл әрине араның шырын жинауына кері әсер етті. Бірақ оған қарамастан шілденің екінші жартысында омарташылар алғашқы өнімді ала бастады. Бірақ алғашқы өнім аз болды. Дегенмен ішкі нарыққа жетеді. Ал биыл экспортқа 500 тонна бал жөнелтеміз деген жоспар бар».