Ержан Байтанаев қызметінен кетті

109

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев қызметінен кетті. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.

«Бар ізгілік тек білімнен алынар, білімменен аспанға жол салынар» деп оқуға түсіп, білім алып, өмір жолына қадам басып еңбек етіп жүргеніме 18 жылға жуықтапты. Осының бәрі күні кеше ғана болғандай көз алдыма елестейді.
Бауыржан Момышұлының «Өмірдің қуанышы көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда» деген жақсы сөзі бар, қызмет барысында жинаған тәжірибем халыққа пайдасын тигізіп, нәтижесінде оңды істер атқарылса, мен үшін өмірімдегі қуаныш сол болмақ.
 Осы уақытқа дейінгі еңбек жолымда өзіндік ұмытылмас оқиғасымен есте қалатын, жылдам әрекет етіп, тез шешім қабылдауды талап ететін, нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың күзінде Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі болып қабылданған жұмысыма ерекше тоқталғым келеді.
Бұл сала тек қана адамды емес адамзатты құтқаратын, баршамыз немен тыныстап, немен тіршілік етеміз, адамның өмір сүру дағдысы қандай және қоршаған ортаның, қоғамның тыныс-тіршілігін зиянды дүниелерден қалай аман сақтап қаламыз деген сұрақтарға жауап беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуімен басқа саладан ерекшеленіп тұрады.
Қазақта «ауру айтып келмейді» деген сөз бар, мен қызметке кіріскеннен кейін көп уақыт өтпей-ақ «әлемдік пандемия» басталды. Жаһанды жайлаған індеттің барына басында ешкім сенбеді. Әсіресе, әлеуметтік желіде небір фейк ақпараттар толып жатты. Олардың ақ-қарасын ажырататын шынайы ақпараттар қажеттілігі туындады.
Ең бастысы, бізде елімізді COVID-19 індетінен қалай аман алып қаламыз деген үлкен сұрақ тұрды. Мен Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап құрылған ведомствоаралық комиссияның отырысына комитет басшылығымен бірге қатысып, аурудың алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу, індетке төтеп беру мәселелеріне араластым.
Ол кезде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов ведомствоаралық комиссиясының отырысына төрағалық ететін. Ол кісі мені COVID-19 таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бағытына жауапты тұлға етіп бекітті. Сөйтіп мен бұл жұмыстардың екі еселік “дозасын” алдым десем де болады. Себебі, Үкіметке іссапарланып, вице-премьердің баспасөз хатшысы лауазымын қатар атқарып, тек медицина емес, Үкіметтегі әлеуметтік блоктың барлық бағыттары бойынша халықты ақпараттандыру менің мойнымда болды.
«Ерлік қауіп-қатерді батылдықпен жеңуден емес, оны қаймықпай қарсы алудан тұрады» деп франсуз философы Жан Поль айтқандай, қарусыз майданда індеттен қорықпай, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының жауынгері ретінде аумақтық департаменттің баспасөз мамандарымен бірге халықты сағат сайын, сәт сайын ресми ақпараттармен хабардар етіп, тілшілер қауымымен күндіз-түні байланыста болдық. Әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы да елдегі эпидахуал, ауруханалардың жағдайын, блок-бекеттер бейнесін, дәрі-дәрмек қорын бәрін-бәрін баяндап тұрдық. Қауіпке қарамастан, ауру ошақтарынан да ақпараттар тараттық.
Бальзактың «Азаматтық ерлік пен жауынгерлік ерлік бір негізден тарайды» деген сөзі бар, сол кезде елдің амандығын ойлап, халыққа қызмет ету барысында қауіпті инфекцияны жұқтырып азаматтық ерлік көрсеткен санэпид саласының қаншама мықты мамандарынан айырылдық.
Бүгінде біздер коронавируспен қалай күресу керектігін үйрендік. Алдын алу шараларын сақтап, жөтелу, түшкіру мәдениетін әдетке айналдырдық, жеке гигиенаны сақтап, қолды үнемі таза ұстап, антисептикті пайдаланып жүруді білдік. Бүгінгі таңда індетпен күрес жұмысы жалғасын табуда. Бірлікпен, білімділікпен жасалған жұмыс өз нәтижесін берді. Эпидахуал тұрақтанып, індет зардабы азайды. Осылайша халықтың санитариялық- эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытында аянбай еңбек етіп, бірлескен жұмыстың арқасында Комитет имиджін жаңа деңгейге көтере алдық деп сенемін.
Алғыс айту – азаматтық парыз. Осы ретте Үкіметтің баспасөз қызметіндегі барша әріптестеріме, Qanat Qulshmanov, Dariga Nakenova қолдау көрсетіп, ерекше сенім артып, білімділік пен біліктілікті ұштастыра отырып, ағалық-інілік сыйластықта мемлекеттік маңызы бар істерді бірге атқарғанымыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттік қызметтегі мәртебелі міндетті жүзеге асырудағы бірлескен қарым-қатынас өз жалғасын табатынына сенімдімін.
Менің бағыма орай, тәртіп пен талапты, ұлттың саулығы мен ел мүддесін бірінші орынға қоятын, халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап, шешімін табу жолында жұмыс істейтін басшылар жолықты. Санэпид бақылау саласындағы қызмет жолымда Lyudmila Byurabekova, Timur Sultangaziyev, Aizhan Yesmagambetova, Нуркан Садвакасов сынды парасат-пайымы биік тұлғалармен қызмет жасадым. Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасау бағытындағы жобаларға бей-жай қарамай, үнемі қызығушылық танытып, іргелі істерге барлық жағынан қолдау көрсетіп отырды. Бұл баспасөз қызметінде аса маңызды. Біліктілік пен білімділікті бағалап, еңбекқорлықты көре алатын кемел басшыларға мың алғыс.
 Дәл осындай қолдау көрсеткені үшін Комитеттің өңірлік Департамент басшыларына үлкен ризашылығымды білдіремін. Президенттің “Халық үнін еститін Үкімет” принципін іске асыру бойынша менің бастамаммен қолға алынған түрлі жобалардың аймақтарда жүзеге асырылуына үлес қосып, бұқара халықпен үнемі байланыста болып, сұқбат алаңдарына, әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирлерге шығып, ақпараттық-түсіндерме жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Жұртшылықпен байланыс мамандарының жұмыс жүргізуіне барлық жағдайды жасай білдіңіздер. Мен оның барлығын жақсы білемін. Сол үшін үлкен рақмет айтамын.
Қоса атқарған екі қызметімдегі ұжымға да тез арада бауыр басып кеттім. Төрт жыл бойы бір атаның баласындай бірлесе жұмыс істедік. Әрдайым өзара сыйластық пен татулықты ту еттік. Тіпті, бірге туған бауырдай етене араласып кеткен кісілер де бар. Жақсы сыйласқан қыз-жігіттерге де алғысымды айтамын.
Қай жерде жүрсек те бір өзіміз тау қопарып тастай алмаймыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қасыңда әрдайым жанашыр әріптестерің, кәсіби мықты мамандарың болмаса жұмысыңның да алға баспайтыны анық. Осы ретте Комитеттің өңірлердегі мамандарының орнын ерекше атап өткім келеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, талай жұмысты бірге атқардық. Қазақта «Үлкен қазанда қайнағанның шикісі болмайды» деген мақал бар, сіздер қайнаған қазаннан пісіп шыққан, нағыз өз ісінің майталман маманысыздар. Менің алтындай мамандарыма айтарым, жұмыс барысымен ренжітіп алған кездерім болса кешірім сұраймын.
 Сонымен қатар «Қаруым-қалам, өрісім-қағаз” деп, ақиқаттың ауыр жүгін арқалап білдіре журналистер мен блогерлер қауымына да құрметім ерекше. Ақпарат майданында иықтаса жүріп, халыққа дұрыс деректерді дер кезінде беріп, елдің денсаулық сақтау жүйесінің өркендеуіне бірге қызмет еттік. Сіздерге ұлт саулығын, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытында ақпараттық қолдау көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс білдіремін.
 «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп Абай атамыз айтқандай, қара бастың пайдасын емес, ар-намысты жоғары қойып, ел үшін адал қызмет етіп, одан әрі еңбегімді сіңіруге талпынып келемін. Мен үшін ресми өкіл және вице-премьердің баспасөз хатшысы ретіндегі қызметім өмірлік мектеп болды.
 БҮГІНДЕ БҰЛ ЕКІ ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖҰМЫСЫМДЫ ӨЗ ҚАЛАУЫМ БОЙЫНША ТОҚТАТЫП ОТЫРМЫН.
 Бұл сіздермен қоштасу посты емес, белгілі бір салада атқарған жұмысымның есебі деп қабылдарсыздар.
Әзірше кішкене ТАЙМ-АУТ аламын деп шештім. Алдағы уақытта еңбек жолым қай бағытта болатынын уақыт көрсетеді. Алайда, мен әрдайым ел игілігі жолында адал қызмет етуге дайынмын!», – делінген жазбада.