Кентауда жасөспірімдер арасындағы қақтығыста мектеп оқушысы қаза тапты

Кентау қаласында 15 қыркүйекке қараған түні Қармақ және Шекербұлақ ауылының оқушылары арасында тұрмыстық негізде жанжал туып, салдарынан мектеп оқушысы қайтыс болды. Жасөспірімнің денесі Кентау қаласының маңындағы ауылдардың бірінен табылған.

Полияцияның мәліметінше қайтыс болған жас жігіт – жергілікті тұрғын әрі кәмелетке толмаған 10 сынып оқушысы екені анықталған. Сезіктілерді ұстау мақсатында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде көрші ауылдың жасөспірімі анықталып, ұсталды.

Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Бүгінгі таңда ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл тұрмыстық жанжалға қатысқан басқа да қатысушыларды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ТО ПД жеке құрамы арнайы осы оқиға орын алған жерге жұмылдырылып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында қызмет атқаруда».