Шымкентте күл-қоқыс шығару қызметінің төлемақысы көтерілді

Жаңа жылдан кейін қоқыс тарифі көтеріледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары мәлімдеді. Ал 1 айдың ішінде аудандардағы қоқыс мәселесі шешілуі керек. Ерғали Білісбеков аудан әкімдеріне осындай тапсырма берді. Ал нарықтағы қоқыс жинайтын мекемелердің жұмысты игере алмауына байланысты жақын арада барлық аудан тұрғындарына қосымша бірнеше мекеме өз қызметін ұсынады. 

Шымкентте қоқыс тарифын көтеру мәселесі қозғалды. 2017 жылдан бері өзгермеген тариф бойынша көпқабатты тұрғын үйде тұратын халық – адам басына 171 теңгеде төлесе, жеке сектор тұрғындары 200 теңге ақы береді. Қазір тарифті қайта қарау мәселесі қарастырылып жатыр.

Мақсат Әбдіқадыров, Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Тариф бойынша арнайы методика бекітілген, соған сәйкес қала аумағында қоқыс тазалайтын компаниялардың барлығынан есептер жиналып, орта есепке шағылып, содан кейін тариф анықаталады. Бізде тарифтың ішіне жинақтау, транспортировка және оны көмуде кіреді. Бізде  рынокта «ШымкентСпецКомплекс» қой, 80-86 пайызы солар».

Жалпы 4 аудан ішінде Қаратау және Абай аудандарында жеке секторда қоқыстың проблемасы азаймай тұр дейді басшылар.

Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары: «Негізі бізде қазір қиындық тудырып жатқан «Шымкент СпецКомплекс» мекемесі. Тұрмыс қалдықтарын жеке секторда аптасына бір рет алу керек, қазір 2-3 аптада алынбаған. Бұған біз әкімшілік тарапынан, бізде тағы қызмет жасап жатқан «BuildStroi» мекемесімен 1 аптада 10 Камаз шығардық. Тиісті техникалар шықпай жатыр. Бірінші себебі айтып жатқаны – жан-жағармай, екінші себебі – тарифтың төмендігі деп отыр. Сондықтан бүгінгі күнге дейін жұмыстары әлі бір жүйеге келген жоқ».

«Бүгінгі таңда көпқабатты үйлерді алу екі есе төмендеді. Жеке секторлар бойынша 4 елдімекеннен отказной келді. Оның бірі Қайнарбұлақ, Азат, Мирас, Ақжайық. Қазір басқа бір мекемені кіргізу бойынша талдау жүргізіп жатыр, келісім жүргізіп бастадық», – дейді Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов.

Аудан әкімдері біраз уақыт қоқыс шығару кестесі бұзылғаннан кейін, тұрғындар тұрмыс қалдықтарын күнделікті шығара бастағанын айтады. Алайда, қазір барлығы қалпына келе бастаған соң, тиісті мекемелер қоқысты бұрынғы режиммен алып кететін атап өтті.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі:  «Тұрғындардан өтініш, графиктен ауытқулар болған шығар, енді графикке сәйкес қоқысты көшеге шығарсаңыздар. Графикке сәйкес алып кететін болады. Неге десеңіз, график бұзылғаннан кейін кейбір тұрғындар күнделікті қоқысты шығара беруді әдетке айналдырған. Сүйікті қаламыз болғандықтан, тазалықты сақтайық».

Сондай-ақ, нарықтағы қоқыс жинайтын мекемелердің жұмысты игере алмауына байланысты жақын арада барлық аудан тұрғындарына қосымша бірнеше мекеме өз қызметін ұсынатын болады.

Ерғали Білісбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:  «Бізге бүгін таңертеңнің өзі 12-15 компания шығып, рынокқа кіруді ұсынды. Бұрыннан істеп жүргенбіз, уақытысында бізге жұмыс істеткізбеді деді. Сол мәселені көтеріңіздер, халыққа апарып таныстырсаңыздар, өздері таңдап алады».

Айта кетейік, жалпы 8 айда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша, 11459 хаттама толтырылып, заң талаптарын бұзған қала тұрғындарына 122 млн. айыппұл салынды. Ал оның 66 миллионы өндірілген. 505-бап бойынша 3 млн 690 мың айыппұл салынып, 2 млн 194 мың қаржы өнідірлген көрінеді. Қала әкімінің орынбасары қалалық полиция департменті, жайлы ортаны дамыту басқармасы және аудан әкімдеріне күнделікті атқарылуы тиіс шаруалар жөнінде тапсырма берді.

«Мен жаңа жиналыста тапсырма бердім. Кесте бойынша халық білу керек, жүйе болу керек! Айтуымыз керек, «егер қоқыс шығаратын болсаңыздар, мынандай уақытта шығарыңыздар, сол кезде машина келеді. Соның алдында шығарсаңыздар кішкене таза болып тұрады. Қазір 170-200. Айтып отырмын ғой, Алматы 583. Құдай қаласа жаңа жылға дейін көтереміз. Қаншаға дейін көтерілетінін айта алмаймын, ол мүмкін емес. Себебі қазірдің өзі біреудікі 200, біреудікі 600, ал біреудікі 400 – соның ортасынан шығарамыз бағаны», – дейді қала әкімінің орынбасары.

Әкім орынбасарының сөзінше, бүгінде қала тұрғындарының тек 50-60 пайызға жуығы қоқыс жинайтын компанияларға ақы төлейді. Сөзінше, бұл да қоқыстың уақытылы шығарылуына тікелей байланысты. Ерғали Білісбеков аудан әкімдеріне бұл көрсеткішті жақын арада 100 пайызға жеткізуді, және бұл жұмысты мұқият қадағалауды тапсырды.