Жолдауда құптарлық істер көп

48
фото Егемен

Ел басшысының жыл сайынғы Жолдауын халықтың асыға күтетіні, одан бір жылылқты сезінетіндігі рас. Жолдау стратегиялық маңызды құжаттың бірі. Онда алдағы күнде атқарылатын, орындалуы міндетті тапсырмалар мен жоспарлар егжей-тегжейлі баяндалады, мерзімдері белгіленеді, яғни жоспарлар мен бағдарламалардың іргетасы қаланады.

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам »!!!  атты Жолдауын өз басым аса ыждағаттылықпен оқып шықтым. Өте разы болдым, әрине енді оның орындалуы аса маңызды. Әсіресе, жас ана ретінде айтарым маған ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен қолдаулардың көңілімнен шыққандығы. Иә, бүгінгі қоғамда әйелдердің атқарар рөлі ауқымды. Жұмыс істеу, бала тәрбиесі, шаңырақ шаруасы дегендей үнемі тынымсыз тіршіліктен бел жазуға мұршасы келмейді. Ол табиғи үдеріс, десек те жасы елуден асқаннан кейін дененің физикалық шаршауға ұшырайтыны даусыз, сондайда әйел затының дамылдағысы, бала тәрбиесіне барынша көп уақыт бөлгісі, еңбегінің зейнетін көргісі, сырқатқа сыр берген соң емделгісі келеді. Алайда зейнет жасы оған мүмкіндік бермеді. Жолдауда бұл жағы мейлінше шешілді. Енді әйелдер алпыс бір жасында зейнетке шыға алатын болды. Жас аналар баласы бір жасқа толғанша әлеуметтік көмек алатын еді, енді ол алты айға созылып, 1,5 жасқа ұзартылды. Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің де ауқымы кеңейетін болды.

Иә, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көргені дұрыс. Осы орайда Президент Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санайтынын айта келе, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару қажеттігін ұсынды және келер жылдан бастап жүзеге асатынын мәлім етті. Аталған қаржат әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Әрине, бұл қаражат әсіресе, көп балалы отбасылар үшін едеуір жәрдем, қолғабыс болары даусыз. Сонымен қатар балалар бақшасының, білім беру мекемелерінің санын көбейтіп, оларға деген сұраныстың артпауы да, материалдық базаларының жетілдірілуі де, күн көрісі төмен отбасыларындағы мектеп жасындағы балалардың  мектеп формаларымен, оқулықтармен қамтылуы да назардан тыс қалмайтын болды. Бұл аналар үшін өте жағымды, қуантарлық жаңалық десем де болады.

Ал енді бұрынғы сайлау комиссиясының мүшесі ретінде айтарым сайлау комиссиясының жұмыс ережесін жаңарту, саяси партиялардың қатарының көбейіп, сайлау науқанына қатысу, кезектен тыс сайлау пікіріне толық қосыламын. Саяси реформалар дүниежүзілік стандарттар мен талаптарға сай жүргізілуі жөн. Бұл орайда Президент өз Жолдауында «Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге ашық жариялау шешім қабылдау кезіндегі ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі» деді.  Әлбетте, ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру жаңа әділетті Қазақстан қоғамы үшін аса маңызды.

Жолдауда айтылған, жоспарланған міндеттер мен тапсырмаларды орындау үшін бізге ұлт бірлігі ауадай қажет. Ұлттық тұтастығымызды, ынтымақтастығымызды, бірлігімізді сақтай білсек заманымыздың берекелі болары, жеріміздің түлеп, байлығымыздың еселене түсері, тұрмысымыздың ауқатты болары сөзсіз. Жолдаудың тақырыбы да, айтар түйіні де осыған меңзеп тұр емес пе?

Ендеше, «Қол жұмылса жұдырық болады» дегендей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Жолдаудағы міндеттерді адал атқарғанымыз, әділетті Қазақстанды бірге құрғанымыз жөн!

 

 

З. Азнаева,

ҚР ДСМ СЭБК Шымкент қалалық СЭБД

Абай ауданы басқармасының

бөлім басшысы