Шымкентте рухани келісім күніне орай дін өкілдері марапатталды

35

18 қазан – Рухани келісім күні. Елімізде 130-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Сәйкесінше олардың ұстанатын сенімі де сан түрлі. Олардың бәрі де бір аспан астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгін, айтулы датаға орай қала басшысы түрлі дін өкілдерінің басын қосып, өңірге сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.

Біздің еліміз көп этносты, түрлі мәдениет өкілінен құралған көп конфессиялы мемлекет. Олардың бәрі де бір ту астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ал Шымкент қаласының бас имамының орынбасары үшінші мегаполисте тұратын дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін жыл сайын спорттық ойын түрлері ұйымдастырылып тұратынын айтады.

Мұсабек Ақтамберді, Шымкент қаласы бас имамының орынбасары: «Бұл мереке бірнеше жылдан бері тойланып келе жатыр. Елімізде қаншама діни сенім өкілі бар. Олар елмен, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр. Оның қатарында өзіміздің асыл дініміздің өкілі, басым көпшілік мұсылман жұртшылығы бар десек қателеспейміз. Бәрі де ел татулығы үшін қызмет етіп жүр».

Шымкент қаласында ислам дінінен бөлек елімізде рұқсат етілген бірнеше дін өкілдері өз жұмысын жалғастыруда. Олардың барлығы да бір бірімен бірлікте өмір сүріп, қаламыздың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Осыны ескерген қала басшысы өңіріміздегі түрлі дін өкілдерінің басын қосып жиын өткізіп, оларды рухани келісім күнімен құттықтады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Барлық діни бірлестіктер қоғамдық ортада жастардың мәденетті болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретеді деп сенемін. Сондықтан барша дін өкілдерін мерекелерімен құттықтаймын. Еліміздің, қала берді қаламыздың татулығын сақтап, тыныш өмір сүруге өз  үлестеріңзді қашан да қосып жүргендеріңізге алғыс айтамын».

Қаламызда барлық сенім иелеріне тең құқық берілген. Нәтижесінде әр дін өкілдерінің өзіне тиесілі құлшылық ордаларының саны жыл санап артып келеді. Ал жиын соңында қаланың гүлденіп, тұрғындардың тыныштықта өмір сүруін дәріптеп жүрген дін өкілдерінің атқарған ісі ескеріліп, алғыс хатпен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз», – деген болатын.