Шымкенттік кәсіпкерлер тауарын Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттай алады

67

Шымкент кәсіпкерлерінің өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстанға шығарылады. Қалалық кәсіпкерлер палатасында кезекті отырыс өтті. Бұл жолы кәсіпкерлер тауарды көршілес елдерге экспорттау мәселесін талқылады. Тауарды шетелге шығару мәселесі стандарттау жөніндегі ұлттық жоспар жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. Президент тапсырмасының негізгі бағыты да осы болатын.

Асқар Жанбаев 2 жылдан бері егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бидай, арпа, жүгері, сондай-ақ, құс және ірі мал етін өндіріп, ел ішінде айналымға шығаратын кәсіпкер енді тауарын Өзбекстанға экспорттауға ниетті. Сөзінше, өнімді шетелге экспорттау – кәсіпкерлер үшін табысты арттыруға керемет мүмкіндік. Жаңа жоба өнімнің сапасын жақсартуға және көршілес елдермен бәсекелестікті арттыруға көмектеседі.

Асқар Жанбаев, кәсіпкер: «10 қыркүйекке дейін Ө­збекстанға кіргізуге мысалы бидай өнімдері, жем ретінде соған квота болатын. Квота 10 қыркүйекте бітіп, қазір кіруге рұқсат берілгенін білемін. Сол Өзбекстан тарапынан басқа стандарттары шықты ма? Мен экспорттауды әлі бастамадым. Биылдыққа ниеттенген едім. Бұрын заттарды импорттап әкелетін едік, себебі бізде өндірілмейді. Экспорт ол әрдайым тиімді мәселе. Себебі зат экспорттаған кезде, ақша іске кіреді, зат шетелге барады. Бұл ел экономикасына да өте тиімді».

Шымкенттік кәсіпкерлер енді тауарларын Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл – стандарттау жөніндегі ұлттық жоспар жобасының шеңберінде жүзеге асырылады. Жобаны талқылау – Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өтті. Отырыстың басты мақсаты — қалалық кәсіпкерлерге өнімді экспорттау алгоритмін әзірлеу және құжатты бекіту мәселесін түсіндіру.

Карина Қожанова, «Қазстандарт» РМК ФТМ жетекші маманы: «Азық-түлік өнімдеріне келетін болсақ, алдымен экспортқа рұқсат алу керек, ол ҚР ветеринариялық бақылауына жатады. Яғни, өтініш өндірістің орналасқан жері бойынша ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық басқармасына жолданады. ҚР-нан Өзбекстанға тамақ өнімдерін экспорттауға қажетті ветеринариялық сертификат алу қажет. Өтініш өндірістің орналасқан жері бойынша ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық басқармасына жіберіледі. Өзбекстан Республикасының өнім импортына рұқсат беруді ресімдеу үшін Өзбекстан Республикасының Бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігеріне кемінде өнім импортын жүзеге асыру жоспарланып отырған уақыттан 30 күн бұрын өтініш беру қажет».

Әр мемлекеттің талабы түрлі болғандықтан кәсіпкерлерге экспорттаудың стандарттарын түсіндіру – өте маңызды дейді мамандар. Ал тауарды экспортқа шығару – кез келген кәсіпкер үшін қолайлы. Себебі, жаңа жұмыс орны ашылады, қаражат айналымы молаяды. Сала жауаптылары стандарттаудың жаңа үлгілерін барлық бағыттағы кәсіп иелеріне түсіндіріп, тауарларын экспорттауға ұсыныс берілетінін атап өтті.

Сәкен Бейсеев, Қазақстан стандарттау және метрология институтының Шымкент және Түркістан облысы бойынша филиалының директоры: «Шілде және тамыз айларында біз Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекетіне барып, «ҚырғызСтандарт», «УзСтандартпен» кездесіп, бірге сұрақтарымызды талқыладық. Бүгінгі біздің тақырып – біздің кәсіпкерлер экспортқа өздерінің өнімдерін Қырғызстан мен Өзбекстанға шығарса деген мәселе бойынша. Техникалық барьер деген болады, яғни әр елдің өзінің стандарттары бар. Қырғызстанның стандарттары бізге сәйкес келеді».

Стандарттау жөніндегі ұлттық жаспардың 2023 жылға арналған жобасы бүгінгі таңда еліміздегі әртүрлі өзекті салаларда, яғни экология, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және төтенше жағдайлардағы жеке қорғаныс құралдарына стандарттарды әзірлеуді көздейді. Ал жиын алдағы уақытта жалғасын тауып, мамандар тарапынан кәсіпкерлерге тауарын экспорттауды жүзеге асырғанша бағыт-бағдар беріледі.