Түркістандық 36 жасар азамат қошқар көтеріп, рекорд жаңартты

54

Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков ұлттық спорт түрінен рекорд орнатқан. 36 жасар жігіт салмағы 43 кг тұратын қошқарды мыңнан аса рет көтеріп, елді аузына қаратты. 

Түркістан облысы Арыс қаласында қошқар көтеруден рекордсмен тұрады. Ол 36 жасар Азамат Мақұлбеков. Осыған дейін отырарлық тұрғын 900 рет қошқар көтерген еді. Оны басып озған Азамат 43 кг қошқарды 1 111 рет көтеріп, рекорд орнатты.


Азамат Мақұлбековтің бұл ұлттық спорт түрімен айналысып келе жатқанына 6 жылдан асыпты. Ол алғашында қол күреспен шұғылданған. Бертін келе Қошқар көтеруге ойысып, Қызылорда, Павлодар қалаларында өз күштілігін көрсетіп, 1 орынды қанжығасына байлаған. Ол бұл ісім арқылы осы ұлттық спорт түрін бүткіл Қазақстанға әйгілі еткім келеді дейді.

Азамат Мақұлбеков, Арыс қаласының тұрғыны: «1111-ді Арыс қаласында рекорд қойғанмын. Ол шара Жастар ресурстық орталығында ұйымдастыруымен өтті. Одан бөлек Наурыз, Құрбан айт мерекелерінде де қошқар көтеріп жүрдім. Қошқар көтеру республикалық дәрежеде өтсе екен деп рекордты қойып жатырмын. Оған қоса жастарға мотивация болса екен деймін».

Рекордшы жігіттің еңбегін ескерген Арыс қаласының басшысы оны арнайы қабылдап, мақтау қағазымен марапаттады.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: «Бұл рекорд қала күніне керемет тарту болды. Сенің әр жетістігіңді естіп, қуатып отырамыз. Әлі алда талай жетістікке жететініңе сенемін. Арыстың атын шығара бер».

Өз рекордын бірнеше рет жаңартып отырған Азамат мұнымен тоқтап қалмаймын дейді. Оның ендігі мақсаты үлкен салмақтағы муляж қошқарды көтеру бойынша машықтанып, рекорт орнату.