Алматы қаласында «Жапон күзі» әлеуметтік-мәдени жобасы басталды. Алматылықтар 10-20 қараша аралығында «Almaty Gallery» көркем галереясында (Достық даңғылы, 44) ерекше фотокөрмені тегін тамашалай алады.
Халықаралық жобаның басты қонағы – белгілі жапон фотосуретшісі Шигеру Йошида.
Ол өнер арқылы экология, табиғи және техногендік апаттар, адам мен қоршаған ортаның байланысы сынды мәселелерді суреттер арқылы насихаттауда.
«Жапон күзі» халықаралық өнер фестивалі 2011 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл жобаға жыл сайын Жапония, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің белгілі музыканттары, фотосуретшілері мен өнер қайраткерлері қатысады.
Жоба Жапонияның және фестивальге қатысушы елдердің дәстүрлі әрі заманауи мәдениетін таныстырып, шығармашылық байланысты арттыруды, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздейді.
Биыл өнер сүйер қауым белгілі жапон фотографы Шигеру Йошида ұсынатын «Ертеңгі күнге көпір» көрмесін тамашалай алады. Көрмеде оның үш циклдан тұратын «Бір минут. Дұға үшін шекара», «Теңіз дуалы», «Фукусимадан жолдау» атты жұмыстары көрсетілген. 20 мыңнан астам адамның өліміне себепші болған АЭС апаты бұл өнер туындыларының дүниеге келуіне негіз болды.
«Мен көп адамның өмірін жалмаған теңізге қарап, дұға қылған жандарды көрдім. Бұл көрініс маған «Бір минут. Дұға үшін шекара» фотокөрмесін дайындауға шабыт берді. Фотолар арқылы мен дұғаның тылсым қуатын жеткізуге тырыстым», — деп айтты Шигеру Йошида.
Сондай-ақ «Дегдар» гуманитарлық қоры мен JTI компаниясы ұйымдастырған іс-шара барысында көрермендер еліміздің танымал өнер ұжымы – «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Дамир Садуахасов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерін тамашалай алды.