Биылғы жылы шымкенттік шаруалар 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен болатын. Жыл жемісті болды. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жинаған шаруалар, жыл соңында 90,1 мың тонна өнім алып, жылды жақсы қорытындылады.
Ал, мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай толымды жетістіктер жетерлік. Ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады.
Салада құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылған.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту экономиканы ілгерілетудің басты тетігі деген болатын. Бүгінде шымкенттік шаруалардың аталмыш саланы дамытуға қосып отырған үлесі қомақты.
Жыл соңында ауыл шаруашылық қызметкерлерін саланы дамытуға ынталандыру, жаңа техникалар сатып алуға үндеу бағытында бірқатар іс шаралар өткізілді. Соның бірі “AgriTek Shymkent’- 2022” ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Көрме аясында өткен конференцияға қала басшысы М. Дүйсенбекұлы арнайы қатысып, сала көшбасшыларымен пікір алмасты.