Азат Перуашев металл құрастыру зауытының жаңа желісінің салтанатты ашылуына қатысты

52

Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдау қажет екенін нақты айтқан болатын. Халқымыздың әл-ауқатының артуы ұлттық экономиканың дамуына байланысты екені айқын. Отандық өнім өндірушілерге барынша жағдай жасалуда. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет зор мүмкіндіктерге жол ашуда.

Бүгінде Шымкент қаласында өндіріс орындары көбейіп келеді. Отандық өнім өндіруде асығы алшы тұрған кәсіпорындардың қатары молайғаны қала қазынасын ғана емес, қазына қазанын да қомақтыландыруда.

Күні кеше Шымкентте мұнай-газ құбырына арналған алғашқы шарлы крандар шығаратын металл конструкциялар зауытының ашылу салтанаты өтті.

Азат Перуашев  Шымкентте салынған металл конструкциялар зауытының ашылуына және кәсіпорында өндірілген мұнай-газ құбырына арналған алғашқы шарлы кранды тұтынушыларға жөнелту шарасына қатысты.

Зауыт мұнай-газ секторы үшін шарлы крандар шығаратын желіні іске қосуға 500 миллион теңге инвестиция салған. Ауқымды жобаның арқасында жаңадан 70 жұмыс орны ашылып отыр. Аталған өнімдердің бұрын 75 пайызы шетелден сатып алынатын. Енді жаңа жобаның арқасында өзіміздің өнімді тұтынатын боламыз. Шарлы крандар «Қазақстан МҚ зауыты» брендімен Шымкентте шығарылады. Кәсіпорын СТ КЗ сертификатына ие болып үлгерген.

Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде жылына шамамен 300 дана әртүрлі өнім шығарылады деп күтілуде, өнімнің 70 пайызын мемлекеттік тапсырыс нарығы арқылы өткізіп, ал қалғанын экспорттау жоспарлануда.

Қазақстандық МҚ зауытының өнімдері сапасы мен функционалдық көрсеткіштері бойынша шетелдік аналогтардан кем түспейтін отандық  өнім болып табылады.

Зауыт директоры Авалов Муратжан Чимкатұлы жоба құны 1,5 миллиард теңгені құрайтынын айтып отыр. Биылғы жылға яғни, алғашқы жобаға 500 миллион теңге жұмсалған. Жобалық қуаты бір жылда 400 шарлы кран. Жұмысшылр саны 70 адам. 2024 жылы 170 адамға көбейту жоспары бар.

Пайдалануға беру уақыты бірінші жоба бойынша 2022 жыл. Ал екінші жоба бойынша 2024 жыл. Негізгі тұтынушылар отандық өндіріс орындары болмақ. Яғни, ішкі нарықтың 70 пайызын қамтимыз деп жоспарлап отыр. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 230 мың теңгені құрайды.