Шымкенттегі Тұран-1 ықшам ауданындағы цемент зауытының маңындағы тұрғындар мекемені көшіруді сұрайды. Айтуларынша, зауыт тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан. Қалыпты өмір сүруге кедергі етеді. Әкімдік зауыт жаңа жылға дейін көшірілетінін хабарлады.
Тұран-1 ықшам ауданы Дәуір көшесінің тұрғындары жақын маңдағы цемент зауытының жұмыс істеуіне қарсы. Айтуларынша, шаң-тозаң, үздіксіз у-шудан күндіз-түні тыныштық жоқ. 3 жылдан бері балалар ойын ойнаудан, жұрт сыртқа шығып тынығып отырудан қалған.
Жасұлан Ерсалиев, тұрғын: «Тарс-тұрс, ызың-қызыңнан мына жерде өмір сүру мүмкін емес. Біз бұл жерде көше болып орналасып, ауыл болып тұрған кезде бұл кісілер жоқ еді. Сіз бізден кейін келдіңіз деп айтатын. Бұған білмеймін қалай рұқсат беріп қойды, көшені тоздырып бітірді. Қаланың автобусы жүріп үлгерген жоқ. Бетон суды құяды. Ол кепкеннен соң аппақ цемент болып қатады».
Мейрам Базарбаева, тұрғын: «Бала-шаға бар. Түнде шошып оянады. Мына біреуін ретке келтір десек, тарс-тұрс. Түнгі сағат бірге дейін істейді. Түнгі оннан кейін цемент жібереді. Мына жердің бәрі бұлт болады. Аппақ. Ешнәрсе көрінбейді. Зиян болғанда, қатты зиян. Үйдің ішіне дейін кіріп кетеді ғой».
Тұрғындардың шағымданып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Ауру таптық дейді тұрғандар. Олар зауытты басқа аймаққа көшіруді сұрайды.
Шырайкүл Қошқарова, тұрғын: «Екі күннің бірінде қан қысымы көтеріледі. Түнде ешқандай ұйқы жоқ. Тереземіз міне, терезені жаздай аша алмаймыз. Ақ топырақ, көк топырақ кіріп тұрады ішке. Ешқандай демалуға мүмкіндік жоқ. Биыл жаз қандай ыстық болды. Далада отыра алмаймыз. Терезені ашып, көлеңкелеп отырайық десек мыналардың цементтері ұшып келеді. Жөтелеміз».
Әкімдік зауытты көшіру мәселесін жоққа шығармайды. Хабарлауынша, бұл жердің нысаналы мақсатын 2005 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкімдігі белгілеп, коммерциялық мақсатта пайдалануға берген. Бетон зауыты көшуге жаңа жылға дейін уақыт сұраған. Қазір дайындық жұмысы жүріп жатыр.
Досалы Амангелдиев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Сайрам тас» мекемесі жеке тұлғадан 2022 жылы сатып алынған. Коммерциялық жағдайда. Қазіргі таңда СТО Бетон жұмыс атқаруда. Бұл жерде нысаналы мақсаты және басқа да құжаттары заңға сәйкес келеді. Бұл бойынша аудан әкімдігі және басқа да құзырлы органдар тарапынан сәйкестігі туралы құжаттары дұрыс».
Әкімдік өкілінің сөзінше, тұрғындар шағымымен бірнеше рет тексеру жүрген. Зауыт басшылысы мекемені көшіру туралы әкімдікке тілхат берген. Жыл соңына дейін көшуге уақыт берілген. Ол туралы міндеттемелер алған.
Дилара Иса






