Төле би ауданына қарасты Көксәйек ауылында экологиялық дау өршіді. Жергілікті тұрғындар дабыл қағуда. Себебі — егін суаратын арнаның түсі сүттей ағарып, айналаға қолқаны қабатын қышқыл иіс жайылған. Жұртшылық «Фуд-Мастер Шымкент» зауыты қалдық суды еш тазалаусыз тікелей каналға ағызып жатыр деп ашынады. Шағым көп, бірақ нәтиже жоқ.
Суармалы арнаға түсі ақшыл сұйықтықтың ағып жатқанын ешбір зерттеусіз ақ көруге болады. Тұрғындардың сөзіне сенсек, тіршілік нәрі болған су жүйесі сүт зауытының лас су жинайтын орнына айналған. Оның үстіне, аққан қалдықтар Сайрам су өзеніне барып құйылады екен.
Көксәйектіктер «ФудМастер Шымкент» ЖШС-нен шыққан лас судың жиі ағатынан айтып ашынады. Ал канал суы тартылғанда, оның түбіне шөккен қалдықтар кеуіп, маңайды жағымсыз қышқыл иіс алып кетеді екен .
«Осы күнге дейін ескерттік, әкімшілікке де ескерттік. Аудан әкіміне де бардым білесіздер. Тоздырдық. Біз егістікпен айналысатын қара халықпыз. Бұның суымен біз тойдық. Егістік ала алмаймыз. Жердің бәрі жетеді шегелеп бітті».
Егін егу ауыл халқын асырап отырған негізгі күнкөріс көзі. Алайда соңғы төрт жылда өнімнің шығымы нашарлаған. Ал жергілікті тұрғын Айдар Түймебаевтың жағдайы тіптен мүшкіл. Оның жайқалған жоңышқа алқабы бүгінде құлазыған шөлге айналса, алма бағы тіршілік нәрінен айырылып, қурап біткен.
АЙДАР ТҮЙМЕБАЕВ, КӨКСӘЙЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жылда алма егіледі. Егілген алма қарайып сынып кете береді. Екіншіден жергілікті жоңышқа егесің, оның бәрін күйдіріп жібереді. 4 жылда 4 алма ауыстырдым. 70/70 алмадан ауыстырдым. Шықпайды. Негізі бұл жерге төгуге рұқсат жоқ. Мына жерде схемасы бар. Солай тасымалдау керек. Арыққа төгуге рұқсат жоқ. Бұлар арыққа төгеді. Бүкіл ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан азаматтарға келетін зияны сол».
Экобелсенді Сергей Ефремов әлеуметтік желіде бөліскен лас судың видеосы үлкен пікірталас тудырды. Көп ұзамай Көксәек ауылына Төле би ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен облыстық экология департаментінің мамандары да келді.
АБИБУЛЛА ҚОҢЫРБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗЕРТХАНАЛЫҚ-ТАЛДАМАЛЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Артымызда «ФудМастер» ЖШС-нің құбыры көрініп тұр. Міне, лактозамен ластанған ақ түсті су осы кішкене каналға түсуде. Үш жерден сынама алынды: ағынды су құйылғанға дейін, ластанған судың өзі және одан кейінгі тұс. Сараптама нәтижелері бес күннен кейін дайын болады».
Мұндай зауыттар экологияға қауіп төндірмеуі керек. Бұл — заңды талап. Ол үшін қалдық сулар арнайы сүзгіден өтіп, бірнеше кезең бойынша тазартылуы шарт. «Фудмастер» зауытында бұл талаптар қаншалықты сақталған? Бірақ, өндіріс ошағының ішкі жағдайын білмек болған әрекетімізден нәтиже шықпады.
«Запрос беріңіздер. Хатпен шығыңыздар. Зачем маған келіп түсіруге?».
Экологтар сынама қорытындысын дайындап жатқанда, кәсіпорын өкілдері ашық сұхбат беруден бас тартты. Бізді табалдырықтан аттатпаған зауыт әкімшілігі мәселені тек жазбаша түрде шешуді ұсынды. Біз заңды талап бойынша ресми сауал жолдаймыз. Және Көксәйектегі экологиялық ахуалды алдағы уақытта да бақылауда ұстайтын боламыз.
Нұргүл Жолымбетова






