Бұрынғы Қорғаныс министрінің ісі сотқа жолданды

43

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.  Бұл туралы Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта бұрынғы қорғаныс министрі Бектановты айыптау туралы қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ Қилымжановтың айтуынша, Алматы қаласы, Қызылорда және Алматы облыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің экс-басшысы, Алматы облысы полиция департаменті мен Алматы қаласы әуежайының желілік полиция бөлімінің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдарымен танысу рәсімі жүргізіліп жатыр.
Алматы және Талдықорған қалаларында тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері бойынша 8 полиция органының қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Барлығы құқық қорғау және арнаулы органдардың 29 қызметкері күдікті деп танылды. Оның 8-і – сотта, 20-сы бойынша іс материалдарымен танысу жүргізілуде және біреуі бойынша тергеу жалғасуда», – деді Қилымжанов.
Еске салсақ, қаңтар айының ортасында президент Мұрат Бектановты қорғаныс министрі лауазымынан босатты. Мемлекет басшысы экс-министр қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтқан еді.
Бір айдан соң, 20 ақпанда Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бас прокуратура оған қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы «Биліктің әрекетсіздігі» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған болатын.