Танымал альпиниспен экстремалды туризм бойынша семинар ұйымдастырылды

23

Шымкентке және қалаға жақын орналасқан туристік аймақтарға өзге өңірлер мен қалалардан, шет елдерден келетін саяхаттаушылардың саны күннен күнге артып келеді. Қаламызда әсіресе, қыс айларында туристердің қауіпсіздігі басты назарға алынады. Осы мақсатта, спорт шебері, альпинизмнен жоғары санаттағы Қазақстан чемпионатының жүлдегері Степан Шифман Шымкент қаласының гид-экскурсоводтарына арнайы семинар өткізді.

Іс-шара «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы мен «Southpeak.kz» спорттық және экстремалды туризм командасымен бірлесе ұйымдастырылды. Батыс Тянь-Шань тауларында қар көшкіні қауіпсіздігінің негіздері және қауіпсіз сырғанауды ұйымдастыру бойынша өткен тренингке Шымкент қаласынан 30-дан астам экскурсия жетекшілері мен туризм саласындағы нұсқаушылар қатысты. Семинар соңында қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар табысталды.

Қазіргі таңда Шымкентте гид-экскурсоводтарға жүгінушілер саны артқан. Туроператорлар мен турагенттермен бірлесе жұмыс атқаратын мамандар келушілерге шаһардың тарихи, мәдени жерлері бойынша ақпарат береді.