Төл теңгеге 29 жыл: ҚР Ұлттық банкінің мамандары тарихқа шолу жасады

179

Биыл ұлттық валюта теңгенің айналымға енгеніне 29 жыл толды. Экономикалық тәуелсіздіктің нышаны болған теңгенің тарихы тереңде жатыр. Айта кетейік, теңге, әр кезең сайын жаңарып, өзгеріп, дизайны түрленді. Атаулы күн қарсаңында ҚР Ұлттық банкі, Шымкент қалалық филиалының мамандары төл теңгенің тарихына шолу жасап, қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Ұлттық валюта тарихы 1992 жылдан бастау алған. Мамандардың сөзінше, сол жылы 27 тамызда ҚР Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Алғашқы төл теңгеміз Ұлыбританиядағы 400 жылдық тарихы бар банкнот фабрикасында шығарылды. Ал 1995 жылы Алматыдағы банкнот фабрикасы бұл істі қолға алды.

Темір ақшалар болса, Өскемендегі монета сарайында соғылды. Теңгенің бар құрылымы небәрі бір жылда бекітілген. Соған қарамастан оның сапасы жоғары. Қолдан жасау мүмкін емес. Қазіргі кезде теңге әлемдегі ең жақсы қорғалған валютаның біріне айналып отыр  дейді мамандар.

Айнұр Қалжанова, ҚР Ұлттық банкі РММ қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің бас маман — экономисі: «Бүгін Қазақстанның ұлттық валютасы төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы “Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы” Жарлыққа қол қойды. Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңгенің тарихы ең алғаш қазақ даласында күміс монета 15 ғасырда Отырар қаласында “Таньга” деген атаумен пайда болған».

Ұлттық валютамыз- төл теңгенің жетістігі көп. Коллекциялық монеталар, банкноттар халықаралық байқауда үздік деп танылған. Ал 2007 жылы Банггокта “ОПТИКС” элементі бар 10.000 теңге номиналы “Үздік жаңа банкнот” номинациясына ие болды. Сондай-ақ, төл теңгеміз ТМД — да ең тұрақты валюталар қатарына да енген. Айта кетейік, Ел Президентінің Жарлығымен 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленген. Айтулы күн қарсаңында ҚР Ұлттық Банкінің Шымкент қаласы филиалының ұжымы қаржыгерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Айнұр Қалжанова, ҚР Ұлттық банкі РММ қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімінің бас маман — экономисі: «Қазіргі және келкшектегі барлық қаржыгерлерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, өз істеріңізге өркендеу және табандылық пен биік белестерді бағындыруға тілектеспін. Мереке құтты болсын».

Айта кетсек, бүгінде Ұлттық банк мемлекеттік ақша-кредит саясатын әзірлеп, жүргізеді. Сонымен қатар, төлем жүйелерінің кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Валютаны бақылау, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде жоғары жауапкершілікпен қызмет етуде.