Сүт безі қатерлі ісігін емдеу саласында жеті мыңнан астам ота жасаған Оңтүстік Кореяның жетекші онкомаммологы, профессор Ли Чжон Он Шымкентке келді. Ол әйгілі «Самсунг» медициналық орталығының дәрігерлерімен бірге қазақстандық мамандармен тәжірибе бөлісіп, науқастарға тегін кеңес беруді жоспарлап отыр.
Шымкентте әлемге әйгілі «Самсунг» медициналық орталығынан дәрігерлері келді. Бұл клиника онкологиялық ауруларды емдеуде Азияда көш бастап, әлемнің үздік үштігіне енген. Кореялық мамандардың мақсаты — өз білімдерімен бөлісіп, үміт күткен жандарға қолдау көрсету.
Ли Чжон Он, онкомаммолог, Кореяның сүт безі обыры қоғамының президенті: «Самсунг» медициналық орталығында сүт безі хирургиясы бөлімін басқарамын. Осы уақытқа дейін сүт безі қатерлі ісігіне қатысты шамамен жеті мың ота жасадым. Бұл тәжірибемді әріптестеріммен бөлісу мен үшін үлкен мәртебе. Әлем әйелдерін бұл дерттің қаупі туралы хабардар етуге тырысамын. Сол мақсатпен Қазақстанға келіп отырмын»
«Самсунг» клиникасының онкоурологы профессор Сонг Ван обырды емдеудің жаңа әдісі – фокусталған ультрадыбыстық технология туралы айтты. ХИФУ деп аталатын бұл әдіс ісікті тіліксіз, ауыртпай жоюға мүмкіндік береді. Профессор бүйрек, бүйрекүсті безі мен қуық ауруларын емдеумен қатар, роботтың көмегімен жоғары дәлдіктегі оталар жасайды екен.
Сонг Ван, «SAMSUNG» медициналық орталығының онкоурологы: «Біздің клиникада бүгінде тоғыз роботтандырылған хирургиялық жүйе жұмыс істейді. Жыл сайын осы жүйелердің көмегімен мыңдаған ота жасаймыз. Онкология саласы аса жоғары дәлдікті талап етеді, сондықтан біз роботтық және фокусталған емдеу әдістерін қолданамыз. Бұл тәсіл емді әр науқасқа жеке бейімдеуге және оның өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Біз Қазақстаннан келетін пациенттерге әрдайым көмек көрсетуге қуаныштымыз».
«Самсунг» медициналық орталығының дәрігерлері осымен елімізге алтыншы рет келіп отыр. Көпжылдық ынтымақтастық аясында корей мамандары қазақстандық дәрігерлерді оқытып, бірнеше балаға тегін ота жасады. Солардың бірі – мақтааралдық Наима Ассимова. Ол жүректің төрт туа біткен ақауымен ауырған, 2019 жылы Сеулде оған күрделі операция жасалды.
Жәмила Омарова, «SAMSUNG» медициналық орталығының Шымкент қаласындағы серіктесі: «Мен өзім де бір кезде денсаулығыма байланысты Оңтүстік Кореяда емделдім. Сол сәтте осындай жоғары деңгейлі клиникаға барғаныма қатты қуандым. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне, адамдарға деген ықыласына тәнті болдым. Ең қуантқаны — сол мамандардың Шымкентке келіп, біздің пациенттерге көмек көрсетуге ниет білдіргені»
Бүгінде Оңтүстік Кореяда кеңес алу немесе емделу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Себебі «Самсунг» медициналық орталығының ресми серіктесі Жәмила Омарованың арқасында бұл бағыт тиімді жолға қойылған. Бұл – Шымкент үшін денсаулық сақтау саласындағы сәтті халықаралық серіктестік, ал кейбір адамдар үшін – өмірге жаңа мүмкіндік.
Лаура Бабас






