Шымкентте автоблогер әрі заңгер Бейбарыс Райымбеков 4 тәулікке қамауға алынды. Сот оны полицияның заңды талабына бағынбады деп таныды. Айта кетейік, бұған дейін осыған ұқсас іс бойынша оның ісі қысқарған. Алайда кейін басқа өңірден келген полиция қызметкерлерінің шағымы негізінде қайтадан жауапқа тартылған.
Блогер айыппен келіспейді. Ал алғашқы сот шешіміне прокуратура апелляциялық шағым түсірген. Даулы істің мән-жайы алдағы сюжетте.
Өткен жұма күні кешке Руслан Жанпейісов атымен танымал автоблогер әрі заңгер Бейбарыс Райымбековты әкімшілік кодекстің полиция қызметкерлерінің «өкіміне немесе талабына бағынбады» деген айыппен кінәлі деп таныды. Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны 4 күнге әкімшілік қамауға қаулы етті.
АБДУҒАППАР БЕКНАЗАРОВ, Судья: «Райымбеков Бейбарыс Кенжеғалиұлы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Осы баппен оған 4 күнге әкімшлік қамау жазасы тағайындалсын».
Сот жаза мерзімін 22 сәуірден бастап есептеді. Ал Жанпейісов 22 сәуір күні ұсталған еді. Оны полиция жұмыс орнынан ұстаған. Тергеу изоляторына жеткізгеннен кейін қамау туралы хаттама толтырған. Сол кезде де оған дәл осы бап бойынша айып тағылған.
Бәйдібек би даңғылы бойында рейд жүргізіп жатқан қызылордалық полиция қызметкерлерінің «заңды талаптарына бағынбады, жұмысына кедергі етіп, құрметсіздік танытты» деген айыппен сотқа жеткізген. Бірақ сот оның іс-әрекетінде құқықбұзушылық жоқ деп танып, істі қысқартқан. Бірақ қамаудан шығармай жатып қарағандылық полицейлердің шағымымен екінші рет әкімшілік іс қозғап, сотқа тартқан.
Бұл жолы жауапкер Тәуке хан көшесі бойынша рейд жүргізіп жатқан қарағандылық полицейлерге сұрақ қойған. Сот қаулысына қарағанда, олардың қызметіне бөгет жасаған, жұмысына кедергі келтірген. Қарағандылық полицейлер де оның үстінен 10 баянат түсірген. Барлығында Жанпейісов полицияның қызметтік міндеттерін орындауға кедергі етіп, құрметсіздік танытқаны көрсетілген. Сот оның кінәсі сот отырысында бейнежазбаларды зерттегенде расталды деп тапқан. Жанпейісов екі іс бойынша да айыппен келіспеген. Және істі тоқтатуды сұраған. Екі оқиғада да ол әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізіп, әртүрлі сұрақтар қойған.
Жанпейісовтің мәлімдеуінше, бірінші сот қаулысына прокуратура келіспей апелляциялық шағым түсірген. Іс бүгін қаралуы мүмкін.
Дилара Иса






