Шымкенттің инфрақұрылымына жауапты шенеунік жаңа ауданға әкім болды

52

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті жиырма төртінші сессиясында жаңа «Тұран» ауданының әкімі тағайындалды. Аудан басшысының кандидатурасы Президент әкімшілігінде келісіліп, қолдау тапты. Ұсынысты қала мәслихатының депутаттары да қолдады. Жаңа аудан әкімі қызметіне кім лайық?

Үшінші мегаполисте жаңадан құрылған Тұран ауданының әкімі тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін қаланың энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасын басқарған Боранбай Болатбеков лайық деп танылды.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Боранбай Нығметұлы жұмысқа келген кезімен қазіргі деңгейін салыстыруға келмейді. Шын мәнінде ысылды. Енді бізде инфрақұрылым деген маңызды мәселе. Ең айқай-шуы көп мәселе. Халықтың тілін табу керек, халыққа жоспарды дұрыс жеткізу керек. Бұл жағын өте жақсы меңгеріп алды».

Болатбеков 2 жылға жуық инфрақұрылым басқармасының басшысы болды. Депутаттардың айтуынша, шенеунік бұл салада оң өзгерістер жасап, қаланың дамуына өз үлесін қосты. Сондықтан барлығы бір ауыздан Боранбай Болатбековтің кандидатурасын қолдап, сенім артып отыр.

Рәшкүл Оспанәлиева, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Шымкент қаласының инфрақұрылымы өте қиын болды. Соны бір жыл қиналып, биыл халықтың шағымы да азайған. Бұл кісі әбден тәжірибе жинақтады. Енді аудан әкімінің қызметін жақсы атқарады деп сенеміз. Өйткені ол инрақұрылым проблемасымен таныс».

Боранбай Болатбеков Шымкентке Елордадан көшіп келді. Оған дейін ол Астанадағы «Алматы» ауданы аппаратының бөлімін басқарды және 3,5 жылға жуық «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етті. Ал инженер-механик, экономист мамандығы бойынша жоғары білімі бар шенеунік еңбек жолында оқытушы болып та жұмыс істеген. Енді мегаполистегі жаңа ауданның әкімі болып тағайындалған ол сенімді ақтауға бар күшімді саламын дейді.

Боранбай Болатбеков, Тұран ауданының әкімі: «Мен үшін Тұран ауданының әкімі болу үлкен жауапкершілік. Сондықтан қала басшысы мен депутаттардың сеніммін ақтау үшін аянбай тәжірибемді, білімімді осы салаға салып, бірлесіп жұмыс атқарамыз. Ондағы проблемалар таныс, білеміз. Бәрін білмесем де хабарым бар. Мынау инфрақұрылым жағынан мәселерді білемін ғой. Енді әлеуметтік жағымен танысамыз, халықпен етене араласамыз, кездесеміз».

Айта кетейік жаңа «Тұран» ауданының құрамына 220 мыңнан астам қала тұрғыны, 25 мектеп, 6 медициналық мекеме және бес гүлзар кіреді.