Түркістанда жаңа прокуратура ғимараты ашылды

134

Түркістанда облыстық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Нысанның ашылуына еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыс прокурорлары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен прокуратура ардагерлері қатысты. Берік Асылов рухани астананың тарихи рөліне тоқталып, өңір басшылығының еңбегін ерекше атап өтті.

 

Түркістан облысында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 7 қабаттан тұратын нысан әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды прокуратура қызметкерлерін жаңа қоныспен құттықтап, заңсыздықпен күрес жолындағы істеріне сәттілік тіледі.

«Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған ұлы шаһар. Тарихи шешімдер осы қалада қабылданған. Жаңа Түркістан өз келбетін қалыптастырып, зәулім нысандар бой көтерді. Олардың қатарын бүгін облыстық прокуратураның жаңа ғимараты толықтырып отыр. Түркістан өңірінің қалыптасуына сіздердің үлестеріңіз мол. Оны ел де жоғары бағалайды. Ел мүддесі үшін еңбек етейік. Киелі жерде қызмет еткен әр күндеріңіз сәтті, қабылдаған әр шешімдеріңіз әділетті болсын. Қоныс құтты болсын!»,деді әкім.

Жалпы, прокуратураның негізгі міндеті-азаматтар мен бизнестің құқығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау. Осылай деген Бас прокурор Берік Асылов Түркістан өңірінің тарихи рөліне тоқталып, басшылықтың еңбегін ерекше атап өтті.

Берік Асылов, Бас прокурор: «Түркістан – түркі халқының күш пен батыл бесік мекені, Ұлы Жібек Жолының жүрегі. Ел басшылығының қолдауымен бұл ежелгі қала танымастай өзгерді және мыңдаған туристер келетін туристік орталыққа айналды. Сондықтан, өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті, қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету барлық құқық қорғау органдарының басты міндеті болып табылады. Қадағалау қызметін тиісті түрде жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің қолдауымен қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді жаңа прокуратура ғимараты салынды. Облыс прокуратурасының қызметкерлері өңірдегі заңдылық ахуалын сақтауға, қоғам өмірінің барлық салаларында азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытында күш салатынына сенімдімін. Бұл үшін барлық жағдай жасалған».

Айта кетейік, ғимарамат жаңа заман талаптарына сай келетін қауіпсіздік пен технологиялық нормаларды ескере отырып салынған. Бірнеше мәжіліс залы мен Түркістан өңірінің тарихынан бастап, прокуратура тарихына шолу жасауға болатын мұражай ашылған. Сонымен бірге арнайы спорт залы да бар.