Өткен апта әлеуметтік желіде денесі сұлқ түсіп, құрысып қалған 2 жасар баланы жедел әрекет етудің арқасында аман алып қалған полицейдің әрекеті кеңінен таралып, халықтың алғысына бөленген еді. Бұл қызметкер — Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Ерік Ақмолдаев.
Аталмыш ерлігімен көзге түскен полицей Ерікті бүгін, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қабылдады. Міндетін адал атқарып, кішкентай баланың өміріне араша болған полицейге «Қазақстан Полициясына 30 жыл» төсбелгісін тағып, «Алғыс хат» марапатын табыстады.
Генерал-майор М.Қабденов: «Бала – біздің болашағымыз. Осы орайда біздің әрқайсымыз олардың тыныш өмірі мен тәтті күлкісі үшін бәрін беруге дайынбыз. Ал бүгінгінің батыры Ерік, адам өмірі бәрінен де маңызды екенін іс-әрекетімен дәлелдеді. Жедел шешім қабылдап, өзгелерге үлгі бола білді. Біз сенімен мақтанамыз! Әрқашан осылай халықтан алғыс алып, абыройың асқақтай берсін!»-деп алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, бұл жайт Түркістан қаласында орын алды. С.Ерубаев көшесінде күнделікті өзіне жүктелген жұмысын атқарып тұрған полицейдің жанына белгісіз әйел келіп, ұлының аяқасты ауырып, талып қалғанын айтып көмектесуін сұрайды. Мұны естіген полицей шұғыл әрекет етіп, баланы аман алып қалады.