Шымкент қаласы Абай аудандық сотында 27 жастағы Түркістан облысының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Ол қаладағы көшелердің бірінде оралған есірткі затын тауып алған, содан оның есірткі екенін біліп, жеке өзі пайдалану үшін қалтасына салып алған. Алайда, оның ойы іске аспай, полиция қызметкерлерімен анықталып, тәркіленіп алынды. Бұл қылмыстық іс сотқа жолданған.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, бұрын өзі есірткі затын қолданғандықтан, тауып алған затты өзі қолдану мақсатында қалтасына салғанын айтып, бұл үшін қатты өкінетінін көрсеткен.
Сот үкімімен ер-азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігінде (ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 61 260 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.