2017–2021 жылдары Қазақстандағы балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиесінде болған балалардың саны біраз азайды. Бұған сәбилерді тастап кету және ата-ана құқығынан айыру оқиғаларының азаюы ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бірақ осы жылдарда бала асырап алу және патронаттық тәрбиелеу айтарлықтай жақсармады. Қазақстанда жетімдер мәселесі әлі де бар. Пандемия жылдарында бала асырап алатындар немесе қамқоршы болғысы келетіндердің саны азайғаны байқалып отыр. Сондай-ақ, отбасылар арасында тиісті түсіндіру мен консультативтік қолдау көрсетілсе де, елімізде балалардың екінші рет жетім қалу статистикасы көбейді. 2017–2021 жылдары асырап алушылар мен қамқоршылардың жеткіншектерді балалар үйлеріне қайтаруы 64 пайызға көбейді», — делінген Ranking.kz мәліметінде.
Атап айтқанда, бес жыл бойы ата-анасынан айырылған балалардың саны тұрақты түрде төмендеген.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2017 жылы кәмелетке толмаған 27,3 мың бала жетім деп танылған. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 4 мыңнан астам, яғни 22,7 мың адамға дейін азайды. Олардың 80 пайыздан астамы немесе 18,6 мыңы отбасында тұрады.
«Жетім балаларды отбасының тәрбиесіне беру динамикасы әлеуметтік фактордың елдегі экономикалық ахуалға қаншалықты тәуелді екенін көрсетіп отыр. Пандемияның басталуы бала асырап алушылар мен қамқоршылардың біразына тосқауыл болды. 2020 жылы отбасылар алған жетім балалардың саны екі есе қысқарды (880-ден 461 адамға дейін). Әрине, карантиндік шектеулер де әсер етті. 2021 жылдың соңына дейін бұрынғы жағдай әлі де қалпына келген жоқ», — деп аталып өткен портал зерттеуінде.
Бала асырап алған кейбір отбасылар бейімделу қиындықтарын еңсеруге қауқарсыз болды. 2017 жылы балаларды қайтару көрсеткіші аз (109 адам) болған. Ал одан кейінгі жылдары әлдеқайда көп тіркелді (ең көбі — 199 адам). 2021 жылы мемлекеттік мекемелерге кәмелетке толмаған 179 бала оралды. Олардың арасында қамқорлық органы қызметкерлерінің өздері белгілі бір себептермен балаларды қайтарып алған кездері де болды. Дегенмен, мұндай жағдайлар көп емес.
Сондықтан жетім балаларды асырап алудың арнайы ережесі бекітілді.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы бұйрығы бойынша бала асырап алуға бел байлағандар психологиялық дайындық курсынан өтіп, сертификат алуы тиіс. Осы орайда 2020-2021 жылдары асырауға алынған балалардың қайтарылуы 13-тен 2 жағдайға дейін азайған.
Статистика бойынша бала асырап алғандар арасында жеткіншектерді қайтару деректері аз кездеседі. Көп жағдайда қамқорлыққа алғандар немесе патронаттық тәрбиеге алғандар қайтарады (99%). Ал заң бойынша олар арнайы дайындықтан өтуге міндетті емес.