Газ құбырындағы апат салдарынан 10 мың абонент көгілдір отынсыз қалды

Шымкентте 10 мың абонент көгілдір отынсыз қалды. Жоғары қысымды газ құбырындағы апатқа байланысты Қайтпас, Нұрсәт, Тұран, Наурыз шағынаудандарының тұтынушылары үшін газ беру тоқтатылды. Көгілдір отынсыз қалғандардың қатарында жеке қазандықтармен жылытылатын бірнеше тұрғын үй кешені де бар. Сондай-ақ, мегаполистегі бірнеше қонақ үй мен мекемелер де жылудың қайта берілуін күтіп отыр.

Жалпы жоғары қысымды жерасты газ құбырындағы газ шығыны жоспарлы тексеру кезінде анықталып, дереу жөндеу жұмыстары басталған.

Эльдар Қуандықов, «КазТрансГаз» өндірістік филиалы бөлім басшысының орынбасары: «Ағымдағы жылы қаңтар айының 5-не жоғары қысымды 500 диаметрлі газ құбырынан газ шығын анықталды. Бүгін, яғни 6 қаңтар қалпына келтіру жұмысын атқарып жатырмыз. Көлемі апаттық жағдай толық қалпына келтірілгеннен кейін есептелетін болады».

Қазіргі уақытта жөндеу аяқталып, газ беруді қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. Ал мамандар тұтынушылардан газ құрылғыларын қосулы күйде қалдырмауды сұрайды.

«ҚазТрансГаз» өкілдері ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде қалалық көгілдір отын желілерінің тозуы шамамен 15% -ды құрап отыр.