Қазақстанда азық-түлікті бөліп төлеуге сатып алушылар саны артты. Экономистер несиеге тамақтану кедейлік сатысын одан әрі арттыратынын айтып, дабыл қағып отыр. Ал ел тұрғындары жалақынының 50 пайызы тек тағам тұтынуға жұмсайды.
Елімізде азық-түлік қымбаттады. Соған байланысты қарапайым халық күнделікті тұтынатын өнімдерін бөліп төлеп алуға көшкен. 4 курс студенті Ұлжан Дадан ақшасы азайған сәтте амалсыздан бөліп төлеу қызметін қолданады екен. Сол үшін де соңғы кездері тек әлеуметтік дүкендерге барып, сауда жасайтын көрінеді.
Ұлжан Дадан, студент: «Өздеріңіз де білесізде инфляция шарықтап кетті. Соған байланысты заттар да қымбат. Өзім студент болған соң бөліп төлеуге зат сатып алуға тура келеді»
Бұған дейін тұрғындар несиеге тұрмыстық техника, үйге керек-жарақтарды сатып алушы еді. Ал мамандардың айтуынша қазір тіпті нанның өзін бөліп төлеуге алатын болған. Қала халқының бірі бұған қарсы болса, енді бірі жас отбасыларға ыңғайлы жүйе дейді.
«Халықтың жағдайы нашар болса, не істейді енді? Ақшасы аз жастардың қазір. Соған ыңғайлы болған соң, бөліп төлеуді қолданады да».
«Қазір азық түліктің бәрі қымбаттар кетті».
«Бұл негізі дұрыс емес. Адамдар несиеге тамақ алып жатыр. Ақша аз, солай амалдауға тура келгені ғой»- дейді қала тұрғындары
Мамандар халық жалақысының 50-%-ын азық-түлікке жұмсайтынын айтады. Сондықтан да адамдар қалаған затына қолы жетпеген кезде несиеге жүгінеді. Бұл — шарасыздықтан жасалатын қадам.
Арман Байғанов, экономист: «Бізде кейбір тұрғындардың ақшасы тіпті қарапайым азық-түлік сатып алуға да жетпейді. Бұған елімізде инфляцияның өсуі кері әсерін тигізіп жатыр. Тұрғындардың табысы көбейгенмен, инфияцияның өсуі оны басып кетіп жатыр. Сәйкесінше бұл еліміздегі кедейлік деңгейін одан сайын өсіріп жатыр. Бөліп төлеуге азық-түлік алған адамдар негізінен кедейлер санатына кіреді. Себебі олардың тамақтануға да қаражаты жетпейді деген сөз»
Экономистердің айтуынша бұлай несиеге азық-түлік алу тоқтамаса, Қазақстандағы кедейлік деңгейі әлі де өседі. Ал халықтан сұраныс болып тұрғанда қаржы институты азық-түлікті бөліп төлеу арқылы сату жүйесін алып тастамайды. Ол үшін заң жүзінде қандайда бір шара қолдануы керек екен.