«Шымкент мектептері онлайнға көшеді»: Ал балабақшалар ше?

39

Шымкентте оқушылар онлайн оқу форматына көшеді. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 1-8 сынып оқушылары бүгіннен бастап қашықтықтан білім алады. Бұл ауа райының қолайсыз болуына байланысты дейді мамандар. Қазір мегаполисте қалың қар жауып, көктайғақ болып жатыр. Сондықтан 10 мен 11 қаңтар күндері балалар үйінде оқиды. Алайда 9-11 сынып оқушылары дәстүрлі білім алуын жалғастыра береді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Казгидромедтің мәліметтеріне сүйене отырып, ауа райының қолайсыздығына байланысты және оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі күнге білім басқармасының тарапынан 1-8 сынып оқуышларын онлайн форматта оқыту туралы арнайы бұйрық шықты. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмысын тоқтатпайды. Өйткені, ол жерде ата-аналары балаларын алып келеді. Яғни, балалардың қауіпсіздігі қолға алынған».

Шымкенттік бас ұстаздың айтуынша, қазір балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары және барлық мектептердегі жылу жүйесі басқарманың толық бақылауында.