Úı ANONS Мектепте баланы ұрған азаматша әшкере болды

Мектепте баланы ұрған азаматша әшкере болды

Мектептегі былықтар. Күзетші әйелдің заңсыз әрекеті әшкере болды. Ол баланы ұрып, мінез көрсеткен. Сонымен қатар, тағы бір білім ұясында баланың тамақтану картасын аппараттан жаппай өткізу дерегі тіркелді. Мұндай олқылықтар бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Шымкенттік азаматша мектепте баланы ұрып, сынға қалды. Оның бұл қылығы білім ұясындағы мектеп камерасына түсіп қалған. Мұны көрген жедел басқару орталығының мамандары тиісті мекемелерге жолдап, мәселені шешуге ат салысқан. Бұл жаңашылдық пен  цифравизацияның жемісі дейді ресми өкіл. Оның айтуынша, енді заңсыздықтарға жол жоқ.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жедел басқару орталығында түскен бейне бақылауда тіркелді. Мектеп директоры бұл кісінің үстінен арыз жазды. Енді оның ісін полиция қарайтын болады».

Қала бойынша мемлекеттік 147 мектептің барлығы бейнекамерамен жабдықталды.  Ал, 98 білім ұясына аппараттық бағдарламалық кешен орнатылды. Бұл дегеніңіз биометриялық терминал арқылы жұмыс істейді. Яғни, әр бала алақан арқылы өзінің тамақтанғанын растайды. Ал қалған мектептерде бұл кешен орнатылмаған. Олар, арнайы пластикалық картаны қолданылады. Бұл барлық адамдар үшін қолжетімді дейді ресми өкіл. Сондықтан, сабаққа келмеген бала да, тамақтанбаған оқушы да  тізімге қосылады екен.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «56 мектепке бізге қоюға мүмкіндік болмады ондайды. Себебі, бұл 56 мектепте сонау 2021 жылы жасалынған мемлекеттік жекешелік әріптестік бойынша кәсіпкерлер ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Олардың келісімшартында осы аппараттық бағдарламалық кешенді қою талап көрсетілген. Сол кісілердің есебінен қойылу керек. Келісімшартта кәсіпкердің есебінен аппарттық бағдарламалық кешенді қою керек десе, біз оны қоя аламыз ба? Жоқ. Біз бюджеттің ақшасын шығарып қоя алмаймыз».

Естеріңізге сала кетейік, қала мектептерінің  қауіпсіздігі пен тегін тамақтану жүйесі толық цифрландырылған болатын. Бұл жаңашылдық жасанды интеллектке негізделген. Яғни, «Айқын» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жасайды. Бұл жүйе тек мұғалімдерді, оқу-тәрбие процесін басқарып қана қоймай, балалар арасындағы буллинг фактілерін анықтауға да мүмкіндік береді.

Тіпті, іздеуде жүрген күдіктілерді, сонымен қатар, арам пиғылды қылмыскерлерді лезде анықтап, жедел басқару орталығына хабар жеткізеді. Айта кетейік, жоба аясында білім беру ұйымдарындағы кабинеттер мен оқушылар көп жиналатын аумақтарға 10 мың 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылған.

Нұргүл Жолымбетова