Шымкентте жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын халыққа түсіндіру жиындары жалғасуда. Іс-шараға қалалық мәслихат төрағасы мен депутаттары қатысып, саяси жаңғыру үдерістері жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, жергілікті деңгейде қолға алынған жобалар таныстырылып, тұрғындар көкейіндегі сауалдарын қойды.
Шымкентте Ата заңның жаңа жобасы қызу талқыланып жатыр. Әр жиында тұрғындар тарапынан құжаттағы нормаларға байланысты түрлі сұрақтар қойылып келеді. Бұл жолғы талқылау барысында діни білім беру тақырыбы қозғалды. Қала халқы енді балаларға діни білім алуға рұқсат етіле ме деген сұрақты ашық қойды.
«Балаларды каникул кезінде имам оқытады. Соған рұқсат бар ғой? Или міндетті түрде медресе болу керек па? Оқытуға бола ма балаларды?»
Мамандардың сөзінше, зайырлы қағидатқа сәйкес енді мектептер мен колледждерде діни білім берілмейді. Бұл шектеу жаңа Ата заң жобасында қарастырылған. Алайда діни сауат ашу жұмыстарын арнайы рұқсат алған дін қызметкерлері мешіттер мен медреселерде жүргізе бермек.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЛА МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мемлекеттік немесе жекеменшік болсын білім беру ұйымдарында, ол балабақша, мектеп, колледж, институт дегендей діни білім беруге болмайды. Жаңа Конституцияда. Ал жаңағы балаларды қосымша ата-анасының келісімімен оқытып, арнайы сертификат алып, арнайы рұқсат алып істеп жүрген тірлікке ешқандай тыйым салынбайды»
Айта кетсек, жаңа Конституция жобасының 7-бабы 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп көрсетілген. Сондай-ақ, құжатта діни ұйымдардың қызметі заңмен реттелетіні де жазылған. Қажет болған жағдайда олардың жұмысы ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін.
Лаура Бабас






