Úı ANONS 132 мектептің 50-і конкурстан өтті

132 мектептің 50-і конкурстан өтті

Жекеменшік мектептердегі талап күшейе береді. Мемлекеттік білім ордаларына қойылатын талапты олар да орындауы тиіс. Дәл қазір Шымкентте 5 жекеменшік мектеп жабылған. 50 мектеп арнайы конкурстан өткен. Қалғаны түрлі себеппен сынақтан сүрінген. Оларға шілде айына дейін қайта тіркеуге мүмкіндік берілген.

Енді жекеменшік мектептердің бәрін жергілікті әкімдік қаржыландырады. Оқу жылының басында Шымкентте 137 жекеменшік бар еді. Оның бесеуі  түрлі себеппен жабылып қалды. Қалған мектептердің бәрі бірдей келісімшартқа отырмаған. Арнайы конкурстан 50 мектеп өткен. Бұл мектептерге қаржы бөлінген. Ал бірінші сынақтан өте алмаған қалған білім ошақтары екінші конкурстан өтуге дайындалып жатыр.

Қазақстанда білім беру ісін оқу-ағарту министрлігі реттейді, қалыптастырады. Әкімдік министрлік бекіткен ережеге, қол қойған бұйрыққа сай жұмыс істейді. Қала әкімдігінің ресми өкілі әрі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, жекеменшік мектептерді тіркеу  e-Qazyna порталы арқылы жүріп жатыр.

Жалпы қаладағы жекеменшік мектептерде 67 мыңның үстінде бала білім алады. Жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі шешілгенін, жергілікті бюджетке өткенін хабарлаған еді.

Дилара Иса