Шымкенттік тұрғындар 80 гектар жерді заңсыз иемденіп алған. Олар тіпті жер телімдерін өз бетінше қоршап, үй тұрғызып та үлгерген. Қазір рұқсатсыз қоршалған аймақтың нақты тізімі жасалып жатыр. Алдағы уақытта оларға қатысты заң шеңберінде шара көрілмек.
Шымкентте бүгінде жерді рұқсатсыз қоршап алушылардың әрекеті өзекті мәселеге айналып отыр. Мысалы, бүгінгі күннің өзінде, қала тұрғындары 80 гектардан астам жер телімдерін заңсыз иемденіп алған. Ол аз болғандай, жерге иелік етіп, оны екінші тіпті үшінші тұлғаларға сатып жібергендер де бар. Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасы хабарлады. Айтуларынша, белгісіз біреулер бос тұрған аумақтарды шлакоблокпен қоршап, үй тұрғызып алған. Мұндай жайттар Қаратау мен Абай аудандарында көптеп кездеседі.
Батыр Ергешов, Шымкент қалалық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары: «Жылдан жылға жерді өз бетінше иеленушілер саны артып жатыр. Заңнамалық актіге өзгеріс енгізуге, осындай заң бұзушылыққа барғандарды барынша қатаң түрде жазалауға тырысамыз. Ал мемлекетке қажетті жерлерді басқа жақтан тауып беруге жағдай жасаймыз».
Бұған дейін үйлерді жекешелендіріп, заңдастырып алуға рұқсат беретін арнайы акциялар ұйымдастырылған. Алайда одан нәтиже болмапты. Тіпті мемлекеттің меншігіндегі жерлерді тегін иемденушілер саны көбейген. Мамандар бүгінге дейін 1000-ға тарта жер телімін тексеріп шыққан.
Батыр Ергешов, Шымкент қалалық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары: «Өз бетінше салынған учаскелер бір типте салынған. Бір қолтаңба, бір стиль. Қысқаша үйлер салынған. Онда ешқандай адам тұрмайды. Бізде бұл үшін шара қолданады. Біз жеңіл жолмен тіркеп бергеннен мәселе шешілмейді. Ертең де, арғы күні де мұндай жайт қайталанады. Өкінішке орай, Шымкент қаласының жері шексіз емес, нақты көлемі бар».
Қалаға жаңадан қосылған аймақтарда жоспар бойынша жол құрылысы жүргізіліп, мектеп, балабақша сынды коммуналдық нысандар салынуы керек болған. Алайда ондай жерлерді бәзбіреулер қоршап алып, оны екінші тіпті үшінші тұлғаға сатып жіберген. Ал прокуратура мұндай заңсыздықтарға жол берген азаматтарды анықтап, оларға заң аясында шара көреміз дейді.