«Тауықтың жүрегі» сатылады

138

Ордабасы ауданындағы «Қайнар құс» фабрикасының өнімдеріне сұраныс артып келеді. Қазір аталған фабрика дайын өнімді Түркістан облысы мен Шымкент қаласына сондай-ақ, көрші Таразға саудалайды. Алдағы уақытта тауық етін бүкіл республикаға сатуды мақсат етіп отыр.

Бүгінде фабрикада асыл тұқымды құс өсіріліп, құс еті өндірілуде. Фабрикада 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 мың тонна болса, өндірістік қуаттылығы 4 мың тоннаны құрайды.
Құс фабрикасы 2022 жылдың шілде айында «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ-нан 200 млн. теңге көлемінде айналым қаржы ретінде несие алған. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 14%, оның ішінде — 10% мемлекеттік қолдау (субсидия).
Кәсіпорын 2022 жылы тамыз-қыркүйек айларында Түркия мемлекетінен 230 400 дана «Росс-308» тұқымының жұмыртқасын сатып алып, жалпы тірідей салмақта — 452,4 тонна құс етін өндірген. Бүгінде арнайы қалташаға салынып, тауықтың жүрегі де сатылуда.
Айта кетсек, таяуда Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар ауылындағы “Қайнар құс фабрикасына” барып, жұмыс барысымен танысқан болатын.