1 наурызда бүкіл Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады. Төтенше жағдай министрлігі осылайша құлақтандыру жүйесін тексеруді жоспарлап отыр.
«Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аясында 2023 жылғы 1 наурызда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеріс жүргізу жоспарланған», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Министрлік төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру және хабардар ету – тұрғындарды қандай да бір апаттың немесе жойқын әсердің теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы екенін атап өтті.
Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында аз уақытқа электр сиреналары және сиреналық-сөйлеу құрылғылары (дауыс зорайтқыштар) қосылады. Сондай-ақ телевизиялық және радиоарналар эфирін ұстап қалу, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпарат орналастыру көзделіп отыр.
«Баршаның назарына!» дыбыстық сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындағанда барлық шұғыл хабарламаны берудің алдында халықтың назарын аудару үшін жасалатын ескерту сигналы. Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, туындаған жағдай кезінде әрекет ету бойынша нұсқаулық алу үшін интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу керек», — деп түсіндірді ТЖ министрлігі.
Сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы де тексеріледі.
Құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеріс жүргізу құлақтандыру жабдығын әзірлікте ұстауға және халықты ықтимал төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған, деп мәлімдеді ТЖМ.