Шымкентте балалар үйінен екі тәрбиеленуші қашып кетті. Бұл жағдайды қалалық білім басқармасы растап отыр. Басқарманың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, екі қыз 16 ақпан күні кешкі сағат 21:45 шамасында өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығынан шығып кеткен. Әзірге қайта оралған жоқ.
Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі: «Мекеме қызметкерлері дер кезінде байқап Шымкент қаласының полиция департаментіне және 102 жедел хабарламаларды қабылдау орталығына хабарлаған. Бүгінгі таңда, Шымкент қаласының полиция департаменті мен Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық полиция басқармаларына кәмелетке толмаған қыздарға қатысты «Іздеу» жұмыстарын жүргізу туралы білім басқармасы тарапынан да хаттар жолданды».
Шымкент қалалық полиция департаменті қазір екі жасөспірімді іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары барлық бейнекамераларды бақылап, олар жүруі мүмкін орындарды тексеруде. Айта кетейік, жоғалып кеткен қыздың бірі 13 жаста, бірі 15-те екен. Олар Барқыт көшесінде орналасқан №3 балалар үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Әзірге олардың мұндай қадамға неліктен барғаны белгісіз.
Мөлдір Бекеева, Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, баспасөз хатшысы: «16.02.2023 жылы Тұран ауданының полиция басқармасына №3 балалар үйінен 2007 және 2009 ж.т. тәрбиеленушілер белгісіз бағытта шығып кеткені туралы хабарлама түсті. Жасөспірімдердің жоғалу жайты Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қыздардың жүрген жерін анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шараларды жүргізуде».