Есірткі өткізумен айналысқан 34 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды

34

Мемлекет басшысы есірткі тұтынушылардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, осыған байланысты есірткі заттарын таратуға қарсы күрес жұмыстары жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап айтты.

Сәйкесінше, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыруды мықтап тапсырды.
Осы орайда, Шымкент қаласының полиция департаменті Президент пен Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағында есірткімен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан кезекті 34 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды.
«Жедел сатып алу» әдісімен оның есірткі өткізумен айналысқаны нақтыланып, тиісті дәлелдеме алынды.
Сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, ас үй бөлемінде сатылымға дайындалған қоңыр түсті 8 дана есірткіге ұқсас түйіршіктер алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат «гашиш» есірткі түрі екендігі расталып, жалпы салмағы 6 грамды құрады.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын өткізу аса ауыр санаттағы қылмыс ретінде сараланатынын, сондай-ақ онымен байланысты заңсыз әрекеттер бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.