Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды

34

Түркістан облысында қардың еруі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты көшелер мен аулаларды су басты. Салдарынан 15 елдімекен тұрғындары зардап шеккен. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ал облыс әкісі шұғыл жиын өткізіп жағдайды бақылауға алуды тапсырды.

Облыста толассыз жауған жаңбырдан су деңгейі көтеріліп кетіп, жолдар жабылған. Төтеншеліктердің мәліметінше, облыста қалың қар еріп, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты 15 елдімекенді су алған. Жұрт белуардан су кешіп, әбден әбігерге түсті. Ресми мәліметке сүйенсек, су басқан аумақтан 154 адам эвакуцияланған. Оның 93-і бала.

«Міне, Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі ауылы. Осындай су тасқыны болып жатыр»,- дейді тұрғындар.

Өңір басшысы орын алған жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді. Жиын барысында су тасқынының алдын алу жұмыстары мен тұрғындары құтқару шаралары пысықталды.

Арман Жетпісбаев,Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Міндетті түрде эвакуция жасау керек. Өйткені, түнде қалай болатынын білмейміз ғой. Сосын оларға тамақ ұйымдастыру керек».

Қазір халықты уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Жаңбыр суын сору және су тасқынының алдын алу жұмыстарына жалпы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылған. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қазір облыста жауын-шашын тоқтаған. Дегенмен әзірге су ағыны жалғасып жатыр.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: «Қаратау жоталарында табиғи арналар бар. Барлығына нормадан жоғары сулар келіп жатыр. Осының әсерінен Шағадағы екі жыра арқылы келген су өз арнасына сыймай, елдімекенге кіріп, су басқан»

Сондай-ақ облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесін су басқан. Өңірде тұман мен көктайғақ болуына байланысты «Ұланбел-Созақ-Екпінді», «Шаян-Шолаққорған» тас жолдары уақытша жабылды. Жол сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Аса қажеттілік туындамаған жағдайға жолға шықпауға кеңес береді.

Еркебұлан Әбдеш, полиция департаментінің қызметкері: «Созақ ауданында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бірқатар жолдар жабылды. Сондықтан облыс тұрғындары мен қонақтарынан жолға шықпауды сұранамыз. Сонымен қатар, Созақ ауданына қарасты елдімекендерде ішкі тас жолдарда мұз-тайғақ болуына байланысты жылдамдықты асырмай, жол жүру қағидаларын ұстануды сұранамыз».

Еріген қар суынан Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай» 2 каналында да су деңгейі көтеріліп, қазіргі уақытта Арыс өзеніне құйылып жатыр.