Түркістанда өткен жылы 1 млн. жер мемлекетке қайтарылған

44

Пайдаланылмай жатқан жерді қайтарудың тәсілін әлі де жетілдіру керек. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасында өткен жиында айтылды. Сондай-ақ басқасуда алдағы уақытта қайтарылған жерді есепке алып, электронды жүйеге енгізудің маңыздылығы сараланды. Жалпы өткен жылы облыста 1 млн гектартан астам жер мемлекетке қайтарылған. Ал биыл қанша гектар жерді мемлекет меншігіне алу жоспарланып отыр?

Түркістан облысында өткен жылы 1 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде мақсатсыз пайдаланылған 412,2 мың гектар мемлекет меншігіне берілсе, 622,6 мың гектар ірі жер пайдаланушылармен меморандум жасау арқылы жүзеге асқан. Бұл туралы Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков арнайы жиында мәлімдеді. Айтуынша, азаматтардың басым бөлігі жайылым жерді өз еркімен қайтарған.

Саян Келдібеков, Түркістан облысы прокурорының орынбасары:
«Бүгінгі күнге қайтарылған жайылым жер бойынша көрсеткіштің басым бөлігі жер иелерінің тек өз еркімен қайтаруы және әкімдердің ортақ жайылымға бекітпеуі себебінен болып тұр. Бұл жерде жайылымды өз еркімен қайтарған азаматтарға алғыс айтсақ болады».

Бірақ, заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа жолданған жағдайлар да тіркелген. 2022 жылы 96 талап-арыз анықталып, оның 45-і оң шешімін тауыпты. Осылай 4751,6 гектар жер мемлекетке меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 521,7 мың гектар жайылым және егістік үшін шаруаларға үлестірілген. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл салаға қатысты бірқатар мәселе бар деген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өз ұсынысын айтты.

Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бұл мәселе біздің өңірде өте өзекті. Әлеуметтік араздықтардың тудыруына себеп болып келеді. Мысалы, кейбір елді мекендерде бір отбасы 20 уақ мал ұстаса, кей отбасының 150 малы болуы мүмкін. Ал, жайылым тең бөлінбейді, тең қаралмайды. Тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туындайды. Себебі мал басына қатысты шектеу жоқ. Ауылішілік мал көлемін ұстаудың шекті бөлігін енгізіп, қалғанын жайылымға жіберуді ретке келтіру қажет. Осылай реттелмесе ауылдағы жайылым жер жетпейді. Осындай ұсыныстарды бірге қарастырсақ».

Ал биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр.