Түркістанда Түркиядағы қайғылы жағдайға байланысты еске алу шарасы өтті

45

Түркиядағы алапат жер сілкінісі Қазақ еліне де ауыр тиді. Бауырлас елдегі төтенше жағдайға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айтты.

Оқыс оқиға басталғалы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстаннан Түркияға шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлердің екі тобы жіберілді. Көршілес елде зілзала салдарынан қаза тапқандарды еске алу жиыны Түркістан облысында да өтті.

Ауысым бағдарламасымен Түркия елінде тәлім алып жүрген 76 студенттің жағдайы жақсы. Бұл туралы бүгін, облыс басшының қатысумен өткен жиында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры мәлім етті. Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының университеттегі Түркия Республикасы өкілдігі қызметкерлерімен кездесуі және Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы өтті. Алдымен жиынға қатысушылар жер сілкінісінен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздік жариялап, еске алды.

Өңір басшысы түркиялықтарға көңіл айтып, тарихи Түркістан өңірінің жұртшылығы да Түркиямен бірге екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елге қолдау көрсететінін атап өтті. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан 9 білікті дәрігер Түркияға баратын шұғыл көмек тобына енгізілген. Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар. Олар түрік тілін еркін меңгерген. Бірқатары Түркияда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркия Республикасында болған аса ірі жер сілкінісі – бауырлас ел ретінде біздің де жанымызға қатты батты. Түркия – біз үшін қазақ халқына деген ерекше ықыласы мен көмегін аямаған, Қазақстан Тәуелсіздігін тұңғыш болып мойындаған ел ретінде ерекше ыстық. Бауырлас ел қиындыққа тап болған ауыр кезеңде де біз тұтастығымыз бен бірлігімізді көрсете отырып, қолдау білдіреміз».

Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова Түркиядағы төтенше жағдай студенттер мен оқытушыларға ауыр тигенін айтты. Әрі университет тарапынан Түркияға гуманитарлық және өзге де көмектер көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Түркияда білім алып жүрген студенттер мен университеттегі түрік студенттердің жағдайы туралы баяндады.

Жанар Темірбекова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры: «Түрік студенттердің ішінде 4 отбасының жағдайы қиындау екен. Олардың мәселесі шешілді. Қазір олар қауіпсіз жаққа көшірілді. Сонымен қатар қазір біздің университетіміздің 76 студенті ауысым бағдарламасы бойынша Түркияның әртүрлі қалаларында жүр екен. Бірақ олардың барлығымен жеке-жеке хабарластық. Барлының жағдайы жақсы».

Жиында жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағышталды. Ал университеттегі еске алу шарасынан кейін облыс әкімдігі атынан зілзаладан қаза тапқан марқұмдардың рухына ас берілді.